Фото: ашық дереккөз
Бүгінде Қазақстанда ағза ауыстыруды күтіп жүрген 4 384 пациент бар, олардың 121-і – бала. Күту парағындағы науқастардың шамамен 91%-ы бүйрек трансплантациясына мұқтаж. Сонымен қатар 222 адам – бауыр, 149 – жүрек, 27 – өкпе, ал 6 адам өкпе-жүрек кешенін күтіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Өкінішке қарай, жыл сайын 300-ден астам науқас қажетті трансплантацияны күтпей өмірден өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина мәлімдеді.
Назгүл Жангелдинаның айтуынша, ағзалық донорлық – медицинадағы ең күрделі әрі өмірлік маңызы зор бағыттардың бірі. Әрбір трансплантация операциясы – бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
2012 жылдан бері елімізде 3 200-ден астам ағза трансплантациясы жасалған. Негізінен бұл – тірі донорлардан алынған ағзалар. 2023 жылдан бастап консервацияланған мөлдір қабықты трансплантациялау әдісі енгізіліп, 308 операция сәтті орындалды. Алайда мамандардың айтуынша, жүйенің толық дамуы қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың жолға қойылуына байланысты.
Солтүстік Қазақстан облысында жақында болған жағдай – соның айғағы. Донор отбасыларының келісімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл бір ғана шешімнің қаншама тағдырды өзгерте алатынын көрсетті. Дегенмен мұндай оқиғалар әлі де аз. eGov.kz порталында 135 мыңнан астам азамат өз еркін білдірсе, олардың ішінде небәрі 10 724 адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген, ал 112 мыңнан астамы бас тартқан.
Келісім білдірушілер саны өсіп келе жатқанына қарамастан, бас тарту үлесі де жоғары. Бұл қоғамда донорлыққа деген сенімсіздік пен ақпараттың жеткіліксіздігін байқатады.
Қазір донорлық үдерістердің ең жоғары белсенділігі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында байқалып отыр. Ал Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды өңірлерінде көрсеткіштер әлі де төмен деңгейде.
Қоғамда ағза донорлығына қатысты қате түсініктер көп. Отбасының келісімінсіз ағзалар алынады деген қорқыныш, ағзаларды бөлу жүйесінің ашықтығына күмән мен діни көзқарастар бұл саланың дамуын тежейді.
Мамандар болашақта нормативтік базаны жетілдіру, донорлар мен реципиенттерді есепке алу үшін жасанды интеллект элементтері бар ақпараттық жүйені енгізу, донорлар отбасыларын әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту және республикалық орталықты өңірлердегі филиалдары бар Ұлттық орталыққа айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл қадамдар 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге аспақ.
Қазақстанда ағзалық донорлық әлі де даму кезеңінде тұр. Тірі донорлардан жасалатын операциялар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда мыңдаған адамның өмірін сақтап қалудың басты жолы – қайтыс болғаннан кейінгі донорлық екенін мамандар еске салады.
