26 қыр, 2025 сағат 17:39

Қазақстанда алғаш рет биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау пилоттық режимде іске қосылды

Фото: ҚР ДСМ

Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау бойынша алғашқы пилоттық жоба жүзеге асты. Шымкенттегі екі отандық өндірушінің базасында қоспаларды таңбалау және қадағалау жүйесінің сынақтан өтуі сәтті өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Эксперимент барысында қатысушыларға өнімді тіркеуден бастап бақылау-кассалық машиналар арқылы айналымнан шығаруға дейінгі барлық негізгі процестер көрсетілді.

Отандық өндірушілердің бірі – атқарушы директор Мақсат Жұматаевтың айтуынша, міндетті таңбалау саланың бірқатар мәселелерін шешуге көмектеседі. Оның ішінде заңсыз экспорт мәселесі де бар.

– Биологиялық белсенді қоспалар денсаулыққа тікелей байланысты. Олардың әсері дәрі-дәрмекке ұқсас, сондықтан тұтынушылар үшін өнім туралы толық ақпарат қолжетімді болуы маңызды. Таңбалау жүйесі арқылы өнімнің кімге тиесілі екенін, қашан және қайда шығарылғанын білуге болады. Бұл саладағы ашықтықты арттырады, – деді ол.


Екінші өндірістік алаңда да 500-ден астам қаптама бірегей Data Matrix кодтарын алып, таңбалау жүйесі толық тексерілді.

Пилоттық жоба қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда:

  • Қазақстанда тауарды өткізуге эксклюзивті құқығы жоқ заңды тұлғаларға таңбалау кодтарына тапсырысты шектеу;

  • қадағалау құжаттарын тауар бағаларын көрсетпей беру мүмкіндігін қарастыру;

  • міндетті таңбалау енгізілгенде әдеттегі штрих-кодтарды алып тастау мәселесін талқылау.

Жаңа жүйе өнімнің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін толық қадағалануын қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстан нарығындағы сапаны арттырып, жалған өнімдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Тұтынушылар тауар туралы толық ақпаратты Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы біле алады.

Пилоттық жобаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен» ҰКП, Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы, сондай-ақ интегратор компаниялардың мамандары қатысты.