30 мам, 2025 сағат 11:52

Қазақстанда балалардың шығармашылық және спорттық секцияларға қатысуын қаржыландыру жүйесі жаңарады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын қаржыландыруда бірқатар заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Жалған тіркеу арқылы қатысу көрсеткіштерін асыру, санитарлық талаптарға сай келмейтін орындарда сабақ өткізу, бұрын істі болған азаматтардың балаларды оқытуы және сабаққа қатыспаған балаларға қаржы бөлу секілді мәселелер тіркелген.

Осыған байланысты 2025 жылдың 1 маусымынан бастап алты қалада (Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе) бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жүйе мемлекеттік және жекеменшік секциялар мен үйірмелерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіреді.

Жүйенің негізгі артықшылықтары:

  • Ваучер балаға беріледі: Баланың қалаған секциясын немесе үйірмесін таңдауға және ауысуға мүмкіндігі болады.

  • Қаржыландырудың ашықтығы: Қаражаттың қалай жұмсалатыны толық цифрлық форматта бақыланады.

  • Қауіпсіздік пен сапа: Үйірмелер мен секцияларда инфрақұрылым, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуы міндеттеледі.

Ваучер түрлері:

  1. Нысаналы ваучер: мемлекеттік мекемелерге арналған және кезекке тұруды қажет етпейді.

  2. Әмбебап ваучер: баланың ата-анасы eGov.kz порталы арқылы жекеменшік немесе мемлекеттік емес ұйымды таңдай алады.

Жобаны жүзеге асыруға бірнеше мемлекеттік орган атсалысады, оның ішінде Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері бар.

Бұл бастама балалардың сапалы әрі қауіпсіз ортада дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған.