01 жел, 2025 сағат 12:15

Қазақстанда бір айда 4 мыңнан астам браконьерлік дерегі анықталды

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі 20 қазан мен 19 қараша аралығында республика бойынша «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шараның мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылау, браконьерлікті анықтау және жолын кесу, деп хабарлайды Ult.kz.

Бір ай ішінде 4 000-нан астам құқықбұзушылық тіркелді, оның ішінде 93 жағдайда қылмыстық іс қозғалды.

Мәселен, 25 қазанда Ақмола облысы Егіндікөл ауданында тексеріс кезінде күдіктінің көлігінен рұқсатсыз ауланған 33 жабайы қаз бен аңшылық қаруы табылып, тәркіленді. Бұл дерек бойынша заңсыз аңшылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны – 4 мыңнан асады, оның ішінде:
• аңшылық ережесін бұзғаны үшін – 2 мыңнан астам адам;
• балық аулау тәртібін бұзғаны үшін – 627 адам;
• өзге құқықбұзушылықтар бойынша – 685 адам.

Жалпы құны 39 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Іс-шара барысында:
• 258 м³ заңсыз кесілген ағаш,
• 4 тоннадан астам балық,
• 255 дана киік мүйізі,
• 11,6 шақырым тыйым салынған тор,
• 358 дана аңшылық қаруы (оның ішінде тіркелмеген 120 қару) тәркіленді.

ІІМ табиғатты қорғау заңнамаларын қатаң сақтауға шақырады.