Фото: ашық дереккөз
ҚР денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен қызылша ауруына қатысты эпидемиологиялық ахуалға арналған республикалық штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік барлық қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыруға әлі қол жеткізілген жоқ. Мамандардың айтуынша, инфекция таралуының негізгі себебі – вакцинациядан бас тарту.
Ведомство деректеріне сәйкес, өткен жылдың соңынан бастап елде қызылша ауруы көбейген. Эпидемиологиялық талдау науқастардың басым бөлігі екпе алмаған азаматтар екенін көрсетті. Атап айтқанда, пациенттердің 79%-ы екпе алмаған, 8,4%-ы толық емес иммундаудан өткен, ал 10%-ының иммундық мәртебесі белгісіз. Балалардың шамамен 59%-ы ата-аналарының шешіміне қатысты екпе алмаған.
Биылғы жылдың басынан бері республика бойынша қызылша ауруының 1 951 жағдайы тіркелген. Науқастардың ең көбі Астана қаласында (581 жағдай), Жамбыл облысында (339), Алматы қаласында (317) және Алматы облысында (146) анықталған.
Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі екенін ескертеді. Екпе алмаған жағдайда ауру ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің жоғалуы, жүйке жүйесінің зақымдануы, энцефалит және сирек жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қызылшадан кейін иммундық жүйе ұзақ уақыт әлсіз болады.
Жүкті әйелдер қызылша ауруы салдарынан түсік тастауға, мерзімінен бұрын босануға және ауыр асқынуларға тап болуы мүмкін. Мамандар қызылшаның алдын алудың жалғыз тиімді жолы – вакцинация екенін атап өтті.

