Фото: Pexels.com
Қазақстанда мектеп түлектерінің мансап жолын таңдауға көмектесетін жаңа «Мансап компасы» платформасы іске қосылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министр жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушыларын қоғамдық жұмыстарға тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар жазғы демалыс уақытында оқушылар үшін қоғамдық пайдалы жұмыстар ұйымдастыру тәжірибесін жалғастырады.
Қоғамдық жұмыстардың артықшылықтары:
-
Толық емес жұмыс күні немесе икемді кесте бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі.
-
Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық пайда әкелетін жұмыстарды орындау.
-
Арнайы білімі жоқ жастардың уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндігі.
-
Жалақы көлемі 24 АЕК-тен кем емес (2025 жылы 94 368 теңге).
Жақыпованың айтуынша, «Мансап компасы» платформасы түлектерге мансаптық қызығушылықтарын анықтауға көмектеседі. Бұл платформа арқылы жастар сұранысқа ие мамандықтар, оқу орындары туралы ақпарат алып, арнайы мансаптық бағдарлау тестілерін өтуге мүмкіндік алады.
"Біздің басты мақсатымыз – жастарға бос жұмыс орындарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету", – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Бұл бастама елдегі еңбек нарығын жақсартып, жастардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауларына септігін тигізеді.