24 шіл, 2025 сағат 11:56

Қазақстанда нашақорлықтың жаңа түрлері көбейіп барады – Үкімет дабыл қақты

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдар саны 17 мыңнан асты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда опиоидтарға тәуелділер саны 1,5 есе азайғанымен, синтетикалық стимуляторлар мен аралас есірткі қолдану фактілері күрт артқан, деп хабарлайды Ult.kz.

2024 жылдың соңынан бастап елімізде тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын азаматтар үшін консультациялық бақылау енгізілді. Қазір мұндай санаттағы 3 мыңға жуық адам есепке алынған.

Наркологиялық көмек 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығында, 79 қалалық және 205 аудандық кабинетте көрсетіледі. Сонымен қатар, 94 жастар денсаулық орталығы 2024 жылы 700 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен.

2025 жылдан бастап емдеудің тиімділігін арттыру үшін жаңа әдістемелік ұсынымдар бекітіліп, ауруханаға жатқызуға қарсы көрсетілімдер тізбесі қайта қаралуда.

Премьер-министр Олжас Бектенов нашақорлықтың, әсіресе жастар арасында кеңінен таралуы қоғам үшін үлкен қауіп екенін атап өтті.

«Қазір есірткі таратудың жаңа тәсілдері – интернет, пошта, криптокошелек арқылы “жасырып кету” әдістері кең етек жайған. Бұл тікелей физикалық байланысты болдырмай, таратушыларды ұстауды қиындатып отыр», – деді Үкімет басшысы.


Премьер-министр Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктеріне:

  • есірткіге қатысты сайттар мен жарнамаларды анықтау және бұғаттау тетіктерін күшейтуді,

  • есірткі айналымына байланысты күмәнді ақша аударымдарын тоқтатуды,

  • нашақорлық тудыратын дәрілік заттардың дәріханалардағы қозғалысына бақылауды арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың алдын алу, анықтау және емдеу шаралары да өзекті болып отыр.