19 қаң, 2026 сағат 18:44

Қазақстандағы дәрігерлер бір науқасқа бір күнде 2 872 дәрі «берген»

Фото: ашық дереккөз

Бүгін біз Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің баяндамасы негізінде Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы қалай тиімсіз жұмсалып, қалай жымқырылғаны туралы бірнеше мысал айтқан едік. Сондай мысалдардың бірі – бір науқастың атына көп дәрі жазу, деп хабарлайды Ult.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Жалпы, Мәди Тәкиев үкіметтегі кеңесте мәлім еткендей, аймақ-аймақтағы емханалар мен ауруханалар науқастардың атына шектен тыс көп дәрі жазған. Бұл – қаржыны тиімсіз жұмсаудың бір амалы болған көрінеді.

«Жетісу облысының дәрігерлері екі балаға 126 мың «Димексид» гелін жазып, құжат жүзінде сатқан. Сонда бір бала жылына 63 мың гель алған», - дейді Тәкиев.


Бұдан өзге, Қаржы министрінің сөзіне сенсек, Қазақстандағы тағы бір өңірдің ауруханасы құжат жүзінде бір науқасқа бір тәулік ішінде 2 872 дәрі берген. Балалар ауруханасында да осыған ұқсас 179 факт тіркелген екен. Яғни, 88 мың түрлі дәрі-дәрмек осылай есептен шыққан. Бұл дәріні «қабылдаған» науқастар стационарларда бір-ақ күн жатқан.