31 жел, 2025 сағат 15:05

Қазақстандық ядролық сала маманы: МАГАТЭ-дегі тағылымдама – кәсіби жолдың бір бөлігі


Қазақстандық Камила Хужажинова – ядролық технологиялар және ядролық білімдерді басқару саласының сарапшысы – Мария Склодовская-Кюри атындағы атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) стипендиялық бағдарламасының алғашқы легіне енді. Бұл кезеңге дейін ол ядролық салада жұмыс істеп, оқу мен тәжірибені қатар алып жүріп, кәсіби мансабын жүйелі түрде қалыптастырған еді. Сондықтан бағдарламаға қатысу және МАГАТЭ-нің Венадағы штаб-пәтерінде бір жылдық тағылымдамадан өту ол үшін оқу тәжірибесі емес, халықаралық деңгейдегі сараптамасын дамытудағы қисынды қадам болды. Редакциямызға берген сұхбатында Камила өзінің кәсіби жолы туралы әңгімелеп берді. 

Алматыдан Томскіге дейін: инженерлік мектепті таңдау

Камила Хужажинова Алматы қаласында дүниеге келлі, осы қалада өсті. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы №56 көпсалалы гимназияны физика-математика сыныбы бойынша тәмамдаған.


Фото: Камила Хужажинованың жеке архивынан

«Соңына дейін нақты қай жерде оқитыным белгісіз болды. Қазақстан мен Ресейдегі оқу орындарын қарастырдым. Таңдауым ТМД елдері арасында дәстүрлі түрде «инженер кадрлардың ұстаханасы» саналатын жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Томск политехникалық университетіне түсті. Томск пен жалпы Сібір өңірі мықты инженерлік мектебімен танымал. Оның түлектері әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр», – деп атап өтті Камила.

Томск политехникалық университетінде ол «Ядролық физика және технологиялар» мамандығын таңдады. Екінші курстан кейін-ақ Алматы маңындағы Алатау кентінде орналасқан ВВР-К зерттеу реакторында тәжірибеден өтті.

«Мен атом саласындағы жұмыстың шын мәнінде қалай жүргізілетінін өз көзіммен көруге мүмкіндік алдым. Бұған дейінгі түсінігім біршама бұлыңғырлау болатын. Кейін Астанадағы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының бас кеңсесінде тәжірибеден өттім. Бұл мүлде басқа тәжірибе. Иә, бұл да атом саласы, бірақ жұмыс бағыттары мен жағдайлары тіптен бөлек», – дейді ол.

Магистратура мен Ресейдегі білім беру мүмкіндіктері

Камиланың айтуынша, Томск политехникалық университетін қоса алғанда, Ресейдің жоғары оқу орындары Қазақстан аумағында қабылдау комиссияларының өкілдерімен кездесулер өткізеді. Ресми сайттарда түсу емтихандарының тізімімен танысып, соларға тіркелуге болады. Нәтижесінде рейтингілік балл қалыптасып, талапкерлер Ресейде квота бойынша оқу конкурсына қатысады.

«Білім беру құнының жоғары екенін ескерсек, мұндай «грантты» алу мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Ресей университеттерінде де Қазақстандағыдай студенттерді қолдаудың дамыған жүйесі бар: рейтингтер, байқаулар, жоғары стипендиялар, мемлекеттік корпорациялар мен қорлардың гранттары. Егер сессияларды кемінде «төрт» бағасына жауып, ғылыми және қоғамдық қызметке белсенді қатыссаң, қосымша қаржылай қолдау алуға нақты мүмкіндік бар», – дейді Камила.

Бакалавриатты аяқтағаннан кейін ол магистратураға түсті. Оқу барысында Үлбі металлургия зауытында ядролық білімдерді басқару мәселелері бойынша, сондай-ақ Росатомның халықаралық желісінде (RMS) тәжірибеден өтті. Оқу нәтижесінде Камила «Томск облысының үздік студенті» атанып, Владимир Потанин қорының стипендиаты болды.

Кюри стипендиясы және МАГАТЭ-дегі тағылымдама

Дәл магистратура кезеңінде Камила Мария Склодовская-Кюри атындағы МАГАТЭ бағдарламасына өтініш берді. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: ғылыми жетістіктері мен түйіндемесі бағаланды. Ал соңғы кезең МАГАТЭ өкілдері мен салалық секциямен өткен сұхбат болды. Нәтижесінде Камила жеңімпаздар қатарына еніп, Венада ядролық білімдерді басқару секциясында бір жылдық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

«МАГАТЭ-дегі тағылымдамам 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың тамызына дейін жалғасты. Осы уақыт ішінде мен халықаралық жобаларды, білім беру бағдарламалары мен ядролық білімдерді басқару бойынша мектептерді қолдауға, сондай-ақ жас мамандарды салаға тартуға бағытталған бастамаларға қатыстым. МАГАТЭ – ядролық қауіпсіздік, кепілдіктер және таратпау саласында стандарттар, ұсынымдар мен тәсілдерді қалыптастыратын әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі», – дейді ол.

Қазақстандағы білім: кадр даярлаудағы МИФИ-дің рөлі

Камила бүгінде ядролық саламен байланысты мансап құруды қалайтын жастарға базалық білім алу үшін міндетті түрде шетелге шығудың қажеті жоқ дейді. Соңғы жылдары негізгі мүмкіндіктердің бір бөлігі ел ішінде пайда болды. Алматы қаласында Ұлттық зерттеу ядролық университеті «МИФИ»-дің филиалы жұмыс істеп келеді. Ол біртіндеп атом энергетикасы үшін мамандар даярлайтын тірек алаңдардың біріне айналуда. Оның айтуынша, филиалдың ашылуы бұрын елде шектеулі түрде ғана ұсынылған бағыттар – ядролық инженерия, физика, қауіпсіздік, атом нысандарын пайдалану бойынша кадр тапшылығын азайтуға бағытталған нақты қадам.

«Енді мамандарды ел ішінде даярлауға болады, шетелдік кадрларға толықтай тәуелді болмаймыз. Сонымен қатар, оқыту МИФИ-дің мықты инженерлік мектебіне сүйенеді және атом саласының нақты қажеттіліктеріне бағытталған», – дейді қазақстандық маман.

Ол халықаралық тәжірибемен МАГАТЭ тағылымдамалары мен бағдарламаларымен ұштасқан мұндай дайындық моделі болашақ қазақстандық АЭС-те де, халықаралық жобаларда да сұранысқа ие мамандарды қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Болашақты қалай елестетеді

Өзінің кәсіби болашағын Камила ядролық білімдерді басқару бағытымен байланыстырады. Болашақ қазақстандық атом электр стансасында жұмыс істеу мүмкіндігі туралы айта келе, ол мұны алдағы уақыттың перспективасы ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Мұндай бағыттар атом электр стансасының құрылысы аяқталуға жақындаған кезеңде ерекше маңызға ие болатынын түсінемін. Алда стансаның салынуына дейін бірнеше жыл бар. Жалпы, әрбір азаматтың өз елінде өмірді сәл де болса жақсартуға және адамдарға пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруға деген ниеті бар деп ойлаймын. Менің тәжірибем мен білімім Қазақстанда қажет болады деп үміттенемін», – дейді Камила.