24 қар, 2025 сағат 15:35

Қазақстанның бірнеше қаласында деструктивті діни ағым жақтастары ұсталды

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қараша айында Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдардың алты жақтаушысын ұстады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, ұсталғандар әлеуметтік желілерде діни негізде шабуылдар жасауға, кісі өлтіруге шақырған, сондай-ақ зайырлы тәртіпке қарсы бағытталған материалдар таратқан.

Тінту шаралары кезінде олардың үйінен атыс қаруы, суық қару және көп көлемде діни әдебиеттер тәркіленді.

Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тергеудің басқа деректері жария етілмейді.

Бұдан бөлек, 3 қарашада Ақтөбе облысының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны хабарланды. Үкім заңды күшіне енді.

ҰҚК мәліметінше, жыл басынан бері террористік және экстремистік әрекеттерге қатысты 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған.