Фото: Pexels.com
1992 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен Халықаралық мүгедектер күні жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтіледі. Бұл күн инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселесіне назар аударуға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын таныстыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 743,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 55,7%-ы – еңбекке қабілетті жаста, 28,6%-ы – зейнеткерлер, 15,7%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар.
Инклюзивті қоғам құру мақсатында мемлекет әлеуметтік қорғау жүйесін кезең-кезеңімен жаңартып келеді. Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер, оңалту құралдары, арнайы әлеуметтік қызметтер, жұмыспен қамту шаралары және кедергісіз орта құру бағыттары бойынша қолдау көрсетіледі.
Мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер
2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 542,8 мың адамды құрады. Биыл осы мақсатқа республикалық бюджеттен 424 млрд теңге бөлінді. Мүгедектік бойынша МӘЖ-нің орташа мөлшері – 78 283 теңге.
Бұдан бөлек:
– 114,5 мың азамат мүгедектігі бар баланы күтуге арналған жәрдемақы алды;
– 53,3 мың адам І топтағы мүгедекті күтуге берілетін жәрдемақыны рәсімдеді;
– 99 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алды. Орташа мөлшері – 72 003 теңге.
Медициналық-әлеуметтік сараптама мен оңалтуды цифрландыру
50-ден астам ауру түрі бойынша мүгедектікті сырттай, проактивті форматта белгілеу енгізілді. 2025 жылы осы тәсілмен 99,6 мың өтінім қаралған. Қайтымсыз патологиялар (ампутациялар, Даун синдромы, т.б.) бойынша шешім қабылдау мерзімі 1 күнге дейін қысқартылды.
Оңалту құралдары мен қызметтер Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Порталда 1085 ОТҚ жеткізуші, 589 қызмет көрсетуші жұмыс істейді. Жыл басынан бері 562,9 мың тапсырыс орындалған.
Ел бойынша 2027 жылға дейін 12 өңірде жаңа оңалту орталықтары ашылады. Қазірдің өзінде Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында орталықтар пайдалануға берілді.
Жұмыспен қамту
2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 111 мың мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбекке қабілетті жастағы МБА-ның 30%-ы.
Биыл квота арқылы 7,1 мың адам, тұрақты жұмысқа 4,8 мың адам орналастырылды. Сонымен қатар, 1,4 мыңнан астам азамат жеке бизнес ашу үшін 400 АЕК-ке дейін мемлекеттік грант алған.
Кедергісіз орта құру
2023–2027 жылдар аралығында бейімделуі тиіс 43 мың нысанның 25 мыңнан астамы қолжетімді орта талаптарына сәйкестендірілді. Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері 1356 тексеру жүргізіп, 701 нұсқама берген.
