28 нау, 2019 сағат 07:20

Қорғаныс министрлігі тікұшақ апатына байланысты мәлімдеме жасады

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Қызылорда облысындағы МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауына байланысты мәлімдеме жасады.

"Биыл 27 наурызда ҚР Қарулы күштері тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан әскери борышын өтеу кезінде борттағы 13 әскери қызметкер оқу-жаттығулар барысында қаза тапты. Қазақстан Қарулы күштерінің бүкіл жеке құрамы қаза тапқан жауынгер жолдастарының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - делінген  әскери ведомствоның мәлімдемесінде.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскерилердің отбасына моральдық және материалдық көмек көрсететін болады.

Еске сала кетсек, кеше "Алтын жебе" атты арнаулы бөлімдердің оқу-жаттығуы аясында Ақтаудан Шымкентке аттанған МИ-8 тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырады. Бортта 13 экипаж мүшесі мен жолаушы болған. Олардың аты-жөні желіде жарияланды.

Қайғылы оқиғаны тергеуді Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері қолға алды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.