25 қыр, 2025 сағат 18:00

Қостанай облысында жоғалып кеткен ерекше қыз түні бойы іздестірілді


Фото: ІІМ баспасөз қызметі


Қостанай облысында жоғалған қыз табылды, - деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.


24 қыркүйекте кешке Федоров аудандық полиция бөліміне әйел қызы жоғалғанын хабарлаған. Оның айтуынша, туғаннан бері сөйлеу қабілеті бұзылған әрі дамуында ерекшелігі бар қызы үйден белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бала үйден жеңіл киімде шыққан.


Түнде 300 шақты адам ауылды, маңайдағы егістік пен орман алқаптарын түгел қарап шыққан. Таңғы беске қарай іздеуге Қостанайдан, Қостанай ауданы мен Рудныйдан қосымша күштер жіберілген. Таңертең іздеуге 500-ден аса адам қатысқан, ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған.


"Таңғы сағат 8 шамасында ауылдан екі шақырым жердегі орман белдеуін тінту барысында төрт полицейден құралған топ қызды байқап қалды. Адамдарды көргенде ол әуелі қашпақ болды, алайда кейін тоқтап, өз еркімен полицейлерге қарай шықты. Санаулы минуттардан соң қыз анасымен аман-есен қауышты", - деп жазылған хабарламада.