Фото: Pexels.com
Қостанай қаласының тұрғыны лицензиясы жоқ салонда косметологиялық қызмет алып, уәде етілген нәтижеге қол жеткізбеген соң, 1,2 млн теңгесін қайтарып алды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 2025 жылдың жазында болған. Тұрғын консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызметке 1 200 000 теңге төлеген. Алайда нәтиже көңілінен шықпағандықтан, салон әкімшілігінен келісімді бұзуды және ақшаны толық қайтаруды талап еткен. Бірақ салон тұтынушының талабына жауап бермеген.
Тұтынушы Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінгеннен кейін ғана тексеру жүргізілді. Департамент салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ келісімшарттағы тұтынушылар құқығын шектейтін талаптарды алып тастау жөнінде нұсқама берілді.
Сот процесі кезінде салон дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз, яғни медициналық рұқсатсыз көрсеткені белгілі болды. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы – 1,2 млн теңгені қайтаруға міндеттеді.
«Бұл жағдай кәсіпкерлердің заңды бұлжытпай орындауы қажет екенін дәлелдейді. Әрбір тұрғын сапалы және қауіпсіз қызмет алуға құқылы. Департамент азаматтардың құқықтарын қорғауды әрі қарай да жалғастырады», – деді Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қ. Әкіжанов.
Биыл департаментке барлығы 1452 өтініш түскен. Оның ішінде 717-сі – жазбаша, 106-сы – Telegram-бот арқылы, 269-ы – жедел желіге келіп түскен қоңыраулар. Тағы 360 азамат жеке қабылдауда кеңес алған. Тұтынушыларға 62,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Мемлекеттік бақылау аясында 73 тексеру жүргізіліп, жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту беріліп, 44 кәсіпкерге жалпы 1 397 000 теңге көлемінде айыппұл салынған.
