02 қар, 2017 сағат 10:32

Қостанайлық фельдшер: Айына 37 мың теңгеден төлейтін пәтердің иесі атандым

Бүгін Қостанайда 120 пәтердің кілті тапсырылды. Бұл мақсатта бірден екі үй пайдалануға беріліп отыр. Нысандар «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған. Пәтерлердің жартысы, яғни елу пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының арасында бөлістірілді, ал қалған 50%-ы әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдарға берілді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Бір бөлмелі пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлағандардың бірі – 24 жастағы Ғазиза Көпжасарова. Ғазиза Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Красная Пресня ауылында тұрады. Меңдіқара аудандық орталық ауруханасында (КМК) фельдшер болып жұмыс істейді. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотын 2014 жылы қазан айында ашқан екен. Осы уақыттың ішінде Ғазиза 1 бөлмелі пәтердің 30%-ын, яғни, 1 600 000 теңгесін жинап, жаңа пәтер иесі атанып отыр.

- 2014 жылы жұмысқа тұрып, белгілі бір табысым болған соң туыс әпкелерім, апаларым Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот аш деп кеңес берді. Алғашында ай сайын есепшотыма 25 000 теңгеден салып отырдым. Екі жылдан кейін жалақым көтерілді. Сосын 40 000 теңгеден сала бастадым, - дейді ол.


Жас маманның айтуынша, ол ай сайын ақша салып тұрудың арқасында баспаналы бола алатынын жете түсінген.

- 3 жылдың ішінде бір бөлмелі пәтер бағасының 30%-ын жинап қойдым. Тиісті қадамдардың бәрін орындаған соң интернет арқылы байқау нәтижесін қадағалап отырдым. Мақсатым айқын болғандықтан, нәтижені көргенде қатты таңғалған жоқпын. Бірақ, әрине өте қуандым.  Жас болған соң қалада тұрғым, жұмыс істегім келетін. Міне, бүгін сол арманым орындалып жатыр. Оның үстіне жаңа пәтердің орналасқан жері де көңілімнен шықты. Қазір ауылда анам, інім және сіңлім төртеуміз тұрамыз. Әзірше, қалаға жалғыз көшіп барамын. Інім мен сіңлім оқуын бітірген соң менің жаныма келеді, – дейді Ғазиза Көпжасарова. 

Ғазизаның пәтер несиесі бойынша ай сайынғы төлемі 37 000 теңгені құрайды. Ол бұл қаржыны 8 жыл төлемек. Пәтер иесінің ойынша, бұл аса қиындық туғызбайды.

- Мен пәтер бойынша берілген несиені төлей алмай қаламын деп қорықпаймын. Жаңа баспананы өз күшіме сенгендіктен алдым емес пе! Бастысы, енді мен қалада, өз үйімде тұрамын. Сол үшін өзімді бақытты сезінемін, – дейді Ғазиза Көпжасарова.


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, пайдалануға берілген пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы – 136 000 теңге. Нысандардағы бір бөлмелі пәтердің бағасы орта есеппен 5,5 млн теңгенің айналасында екен.

- Жаңа үйдің иесі болып отырған бұл азаматтар бірнеше жыл бойы тұрақты түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына табысының бір бөлігін салып тұрды. Ал бүгін үміттері ақталып отыр. Ақшаның бір бөлігін салымшылардың өздері жинағанын атай кету керек. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие түрінде берді, - дейді ол.

Бүгінгі күні Қостанай облысының 43 000 тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде үй аламыз деп ақша жинап жатыр. Қазір олар 1 шаршы метрінің бағасы 128 000 теңге болатын құны төмендетілген үй алу мүмкіндігін де пайдалана алады. ТҮҚЖБ 9 үйдегі 400 пәтер бойынша үміткерлердің қосымша тобын қабылдауда. Нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады.