24 там, 2022 сағат 23:13

Құтлық қағанның құтты қонысы: Көне түркі дәуірінің ескерткіш кешені табылды


Жоралы жұрты­мызға және бүтін түркі дүниесіне киелі Өтүкен қой­науынан сүйін­ші­лейтін ақжолтай жаңалығымыз бар. Моңғолияның Архан­ғай аймағындағы Номғон алқабынан көне түр­кі дәуіріне жататын құн­ды ескерткіш табылды. Бізге белгілі болған мәлі­мет­тер аталған тарихи кешен­­нің Күлтегін мен Білге қа­ған­ның әкесі, Түркі қаға­натының қуатын еселеп қай­та жаңғыртқан Құт­лық­ Елте­ріс қағанға арналға­нына көз жеткізіп отыр. Бұл та­рихымыздың талай ақтаң­дағын айқындайтын айтулы жаңалық, әлемдік түрко­логияның елеулі жетістігі.

Халықаралық Түркі академия­сы мен Моңғолия Ғылым акаде­мия­сының Археология және тарих инсти­ту­ты бірлесіп жүргізген ғылы­ми архео­логиялық экспедиция жұ­­мыс­­тары пендемияға байланыс­ты үзі­лістен кейін осындай жағымды жа­ңа­лықпен жалғасын тауып отыр.

Бұл кешен ежелгі түркі мәдениетінің іргелі нысаны екені анық. Бірлескен экспедиция үшін араға ғасыр салып табылған зор олжа. Осы ретте айта кетерлік бір жайт, Құтлық қаған деген жазуы бар һәм түрк сөзі алғаш айтылатын бұл кешенді табу кездейсоқ жүзеге асқан жоқ. Мұның алдында Халықаралық Түркі академиясы Шивээт-улан ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2016 жылы аталған өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қағанның тұсында салынған салтанатты кешеннен таңбалар, түрлі артефактілер табылумен қатар, олардың мерзімі анықталды. Кешен 2018 жылы Түркі академиясы тарапынан қор­шалып, қамқорлыққа алынды.

Бұдан бөлек Түркі академиясы Тоныкөк бітіктасының 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында кеңінен атап өтіп, ескерткіш мәтіні аудармаларының жинағын жарыққа шығарды. Сонымен қатар биыл Күлтегін жазбаларын әлемнің бірнеше тіліндегі нұсқада жинақтап, оқырман назарына қайта ұсын­дық. Осылайша, 2019 жылы басталған Номғон экс­пе­­ди­­циясы пандемияға байланыс­ты үзіліс жа­рия­ла­ғанымен, ака­демияның бұл бағыттағы ізде­ніс­тері жалғаса берді. Бүгінгі жа­ңалық - соның нәтижесі.

Осыған орай кеше Ұланбатыр қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, түркі дүниесі түгел құлақ түріп отырған осы елеулі жаңалығымызды бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары арқылы сүйіншіледік.

Халықаралық Түркі академия­сының Моңғолияда жүргізіп жат­қан зерттеу жұмыстары туралы баяндап, жаңадан ашылған көне түркі дәуірі ескерткішін алғаш рет көпшілікке таныстырдық.

Ғұрыптық кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 шаршы метр жерді алып жатыр. Батыстан шығысқа қарай сопақша болып созыла орналасқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жасаған.

Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мү­сіндері, қасында екі күшігі бар арыс­тан мүсіні және екі қой мүсіні орналасқан. Кешеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 балбал тас тізбектеле қойылған. Олардың ішінде бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «таутеке» таңбасы анықталды.


Сонымен қатар көне кешен орнынан барықтың (табыну орны) болғанын айқындайтын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жолына төселген кірпіштердің қалдықтары қазылып алынды.

Барықтың алдынан еңселі жазба ескерткіштің жоғарғы бө­лі­гі мен оның тасбақа бейне­сін­дегі тас тұғыры табылды. Құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түркі бітік жазуы, ал үшінші қырында ескі соғды жазуы қашалған. Әзірше ескерткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөздерді анық оқы­дық.

Жалпы алғанда, Номғон ғұ­рып­тық кешені барлық белгі­лері жағынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық кешендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жо­ғар­ғы тұсында төмен қараған денесі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бейнеленген. Дәл осындай қағандық атри­бутикалардың – айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа бірқатар ескерткіштердің жоғарғы тұсында қашалғаны белгілі.

Алдағы уақытта Халықаралық Түркі академиясы Номғон архе­ло­гиялық экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылы­ми жинақ әзірлеп, түркі мемлекет­те­рінің астаналарында таныс­тыруды жоспарлап отыр.

Моңғолиядағы түркі дәуірі­нің ескерткіштерінде қазба жұ­мыстары бұдан әрі қарай да жалғаса береді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, алдағы уақытта Құтлық Елтеріс қаған ескерткіш кешені де жан-жақты зерттеліп, тарихымызға бетбұрыс әкелер талай тың жаңалықтың куәсі боларымыз анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамырлас Әзербайжан еліне сапары мен түркі дүниесін елең еткізген осынау айтулы жаңалықтың тұспа-тұс келуін де жақсылықтың нышаны деп көруге болады. Екі оқиға да түбі бір туыс халықтарды шын қуантқаны анық, түркі елдерінің басылымдары жарыса жазып жатыр.

Осы орайлы сәтте біздің жұмы­сы­мызға зор қолдау көрсеткен Моңғолия Үкіметіне, Моңғолия Ғылым академиясына, сондай-ақ жобаға жетекшілік жасаған А.Энхтөр мырзаға, Археология және тарих институтының директоры Г.Эрэгзин мырзаға, экспедиция жұмысына белсенді қатысқан барша әріптестерімізге ризашылығымызды білдіреміз.

Дархан Қыдырәлі,

Халықаралық түркі академиясының президенті

"Егемен Қазақстан" газеті