Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда соңғы бес жылда ажырасу көрсеткіші 16%-ға төмендеді, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы 48,2 мың ажырасу тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін азайған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі атап өткендей, қоғамда отбасы мен моральдық құндылықтарды нығайту — басты басымдықтардың бірі.
Отбасын қолдау бағытындағы шаралар:
- - 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс көпбалалы және табысы төмен отбасыларға нақты қолдау көрсетуді көздейді;
- - Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, балаларға қатысты зорлықтың барлық түріне қатаң жаза енгізілді;
- - Отбасын қолдау орталықтарының саны 33-тен 131-ге дейін артты, олардың жұмысы бірыңғай жүйеге біріктірілді;
- - Қазіргі уақытта әлеуметтік қызметтер автоматтандырылып, цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр;
- - 2024 жылы некеге тұруға өтініш берушілерге арналған тегін кеңес беру және оқыту жобасы іске қосылды;
- - «Ата-аналар академиясы» мен «Ата-ана.kz» платформасы арқылы ата-аналарға онлайн курстар мен түсіндіру сабақтары ұсынылады.
Министрлік 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, ажырасудың алдын алу мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асыруда.
Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Ал 2023 жылдан бастап Аналар күні (мамырдың екінші жексенбісі) және Әкелер күні (маусымның үшінші жексенбісі) ресми мерекелер қатарына қосылды.
