20 ақп, 2016 сағат 19:54

Қытай тарихындағы қазақ тайпаларының көсемдері

Кезінде біздің бабаларымыз Қытайларды «жиырма төрт шүршіт», үнділерді «он жеті делдір» деп атаған екен. Соншама көп халықтың тек жиырма неше фамилиядан құралатындығын олар сол кезде-ақ білген. Солардың бір бөлігі болып келген Алтынхан елі ежелгі найман-керей хандықтарымен іргелес отырғандықтан әрі наймандардың сол кезде ең үлкен хандық екендігін білгендіктен оның ханын «Дауаң» (үлкен князъ) деп, ал Керей ханын «Уаң» (жай князъ) деп атаған. Қытайларда «Да» деген әріпті «Дай» деп те оқиды. Осылайша «Дауаң» біртіндеп «Дайуаң» онан барып «Тайан» болып қалыптасқан. Ал Керей ханы «Уаң» (жай князъ) біртіндеп «Уаң хан Тұғырыл» болып өзгерген. Оны тіпті Европаның миссонерлері «Иван поп» деп атап кеткен.

1204 жылы найман хандығы күйреп, Шыңғысхан жағынан жеңілгеннен кейін, Күшілік хан қазіргі Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі Кидан (қарақытай) хандығына келіп паналап, сол хандықтың билігін қолына алған. Кешікпей шашылған наймандарды төңірегіне топтап 1218 жылға дейін дәурен сүргендігі жұртқа мәлім. Демек, 15 жылға таяу уақыт осы хандық Күшіліктің билеуінде болған. Әбілғазы Бахадұр ханның жазған естеліктеріне қарағанда Күшіліктен Талосал, Әленсал, Баянсал, Потогысал деген төрт тұғыр қалған. «Сал» деген сөзге Әбілғазы «ханзада» деп түсінік берген. Сонымен бірге Күшіліктің Асис атты қарындасы және оның Абуған, Абығаш, Ешмұхат атты ұлдары, сонымен бірге қол астында 2 мың адамдық атты жасағы болғаны жөнінде де жазба деректер бар.

Шыңғысхан билік жүйесіндегі адамдарды тағайындауда хан әулетіне айрықша мән берген. Найман, Керей, Жалайыр, Ұңғыт (уақ) тайпа көсемдерінің ұрпақтарын жерге қалдырмай бәріне де лайықты мәнсеп берген.  Шыңғыс ұрпақтары Орта Азияны билеген кезде найман Жолым бидің Мерв өңіріне, найман Назар бидің балық өңіріне, найман Қобыз бидің ежелгі Мары қаласына, найман Төлегетай бидің ежелгі Өзкент-Түркістан өңіріне, найман Жанмұхамед бидің Шайбани хан әскерлеріне билік жүргізуі біздің осы пікіріміздің куәсі.

Өзбекстандағы Самарқан қаласының түбінде «Өкіреш» және «Өкірек» атты екі қыстақ бар көрінеді. Бұл қыстақтардың байырғы тұрғындары біздің өзбек құрамына кірген найман ағайындарымыз екен. Көшпенді өмірді  бастан кешпеген олардың айтуынша «өкіреш» – үлкен бұқа дегенді білдіреді. Яғни найман ханы Иннаніг Бұқа ханның  ұрпақтары дегшен сөз.

1999 жылы Пекиннен жарық көрген «Торғауыт тарихы» деген кітап бар. Сол кітапта Қытайда тұратын «торғауыт» ұлысы Керей ханы Тұғырылдың ұрпағы екендігі айтылады. Олар – «Еки кере» «Бак кере» деп екіге бөлінген. «Еки кере» – үлкен Керей, яғни Тұғырыл ханның тіке ұрпақтары, ал «Бақ кере» – кіші Керей, яғни Тұғырыл ханның қауымының ұрпақтары деп түсінік берілген. Кітап: «Бірінші әулет – Марғұз хан, екінші әулет – Құршақұз хан, үшінші әулет – Уаң хан Тұғырыл, төртінші әулет – Арсалаң, бесінші әулет – Әмеқұлан…» дей келіп, алтыншы әулеттен бастап Моңғол есімдері тіркеліпті.

Дәл жоғарыдағыдай жағдай Күшіліктің орталық Қытайға билік жүргізген бір ұрпағының өмірінен де байқауға болады. Таян хан өлгеннен кейін Горбасу ханым Шыңғыс ханның айымы болып қала береді. Ол өз шөбересі Күшілік ханның Сауыс атты бір баласын бауырына алып тәрбиелейді. Сауыс 25 жасқа шыққан, яғни 1231 жылы  Өгедей хан Алтын хан еліне шабуыл жасайды. Жастай жақсы машық көрген Күшілік ұлы Сауыс соғыс кезінде өзінің ерлігі және асқан шеберлігімен көзге түсіп,  түменбасылыққа тағайындалады. Әрі орталық Қытайдағы Хынан өңірінің әміршісі болып белгіленеді. Бірақ ұзақ өмір сүре алмайды. 1248 жылы  науқастан дүние салады.

Сауыстан Беден атты ұл қалған. Оны да әжесі Горбасу жастайынан соғыс машығына тәрбиелейді. Ержеткен соң қол бастап жорыққа аттанып,  жолбарыс атып Қытайдың Юуан хандығы дәуірінде «Жолбарыс атқан генерал» атанады. Ол да әкесі Сауыстың орнын басып, орталық Қытайға билік жүргізеді. Жазба деректерде: 1229-1309 жылдар аралығында өмір сүргені айтылыпты. Беденнің үлкен ұлы әкімшілік қызметте болған, екінші ұлы Нанғадай үлкен оқымысты болып, баласы Боланиң (Бораншы) екеуі найман шежіресін жазып шыққан.

Сол кездегі Юуан хандығының ең әйгілі бәдізшілерін тауып: «найман хандығы құлады, хандары өлді, ұрпақтары санаулы ғана, Иелу ханым (Сауыстың шешесі) бір ұлын жетелеп тар жол тайғақ кешулерді бастан кешіріп аман қалғанына шүкірлік етеді» деген сөзді тасқа ойдырады. Сосын, Сауыс пен Беденнің сүйегі жерленген Хыби өлкесінің Дамиң ауданына, осы құлпытасты орнатып, ұрпағына «төре» сөзін фамилия ретінде қолдануды ұйғарады. Бұл найман әмірлерінің қытайлануының бастамасы еді.

Әлгі құлпытасты 1330 жылы сәуірде орнатқан екен. Осыдан соң олардың тұқымы төре Шугуаң, төре Шули, төре Юйчуан кете берген. Бұлардың арасынан шыққан ғалым әрі ақын, қоғам қайраткері төре Юйчуан болған. Бұл адам 1311-1382 жылдары аралығында жасаған. 1342 жылы төре Юйчуан орданы басқаратын ұлық болып тағайындалады. Ол ордада тұрған кезінде патшалықтың ірі тұлғалары қарлұқ ақыны Нәйжан, қаңлыдан шыққан әйгілі хатшы қаңлы Көке, ұйғырдан шыққан ірі қайраткер сардар Хайшіңши, қытай ақыны Ли гофың және сол кездегі Қытай астанасы Ханбалықтағы (қазіргі Пекин) басқа да ғұлама ғалымдармен таныс болған. Одан кейін бүкіл патшалығы бойынша жыр дүлділі Күңзі-Мыңзы тағылымының асқан білгірі, атанып, Қытай әдебиеті дәуірінің «асқар биігі» болып танылады.

1368 жылы Юуан хандығы, яғни, Шыңғыс хан әулеттерінің билігі құлап, орнына Миң патшалығы келеді де бұрынғы биліктегі Батыс өңірі адамдарын ордадан аластайды. Бірақ төре Юйчуан бұл аластаудан аман қалады. Жаңадан патшалық тұғырға отырған Жоу юан жаң патша төре Юйчуанды өзіне ақылшы етіп тағайындайды. Ол төре Юйчуанның ұсыныстары бойынша бір қыдыру жаңа заң-жарлықтар шығарады, үкімет органдарына реформалар жүргізеді.

Осы мезгіл ішінде төре Юйчуан сол патшалықтың бас соты болып та істейді. Сол жұмыстарды ойдағыдай орындағандығы себепті 373 жылы сәуірде, екінші рет 1381 жылы наурызда патша жағынан марапатталады. «Ежелгі Қытайдың әрқандай кітаптарын түсіндіре алатын, Күңзі тағылымының жүйрігі, сол заманның асқан білгірі» атанған төре Юйчуанның өлеңдерін жинау, реттеу  өзі өлген соң 160 жылдан кейін басталған.

Белгілі Қытай ғалымы Хуаңшіңрін (1490-1540 ж.ж.) сол жұмысты атқарып, әрі оның өлеңдер жинағын баспадан шығарды. Төре Юйчуан өмірінің ақыры өз ата-бабалары жатқан орталық Қытайдың бір қыстағына өткен. Бір халықтың мүлде құрып, ең соңғы тұяғының жат жұртта қалып жалғызсыраған өмірі, оның жан дүниесінде торығушылық, үмітсіздік тудырған. Көне кітаптардан басқа ермегі, ақыл-кеңес сұрарлық адамы қалмаған. Өз тағдыры туралы:

 

Түстікке аттанды қыз таң сөгіле,

Ел-жұртқа қарай-қарай жан егіле.

Көңіл күпті, дәрмен аз, асыл ару,

Кім ортақ болар енді мұң-шеріне

***

Қолымнан кітап тастаман,

Оқимын ұзақ толғанам.

Хар болам деп зарламан,

Бай-бағландық садағам.

Ескінің сөзі медетім,

Оқысам жаным жадырар.

Ермегім осы – байлығым,

Осымен үнім қарлығар…

Демек, Күшілік ханның Ханбалыққа, орталық Қытайға билік жүргізген бесінші ұрпағы осылайша  өмірден өткен. Осыдан кейін Қытай жазбаларында наймандар туралы айтылмайды. Тек сол кезде найман төрелері төрт рулы ел, олардың қауымы 13 рулы елге айналғандығы жазылған. Қытайдың Жилин өлкесі Жаулай өзені бойында «Нәмінчи» яғни найман ауданы деген аудан аты осы уақытқа дейін сақталған. Осы өңірде найманнан шыққан Темугы, Бұқатемір деген ірі әскери сардарлар билік жүргізгендігі мәлім. Бәлкім бұл солардан қалған із шығар. Қытай және Моңғыл деректеріне қарағанда Жалайыр Мұқалы қытайдың бүкіл шығыс-солтүстігін билеген. Оның ұрпағы сол жерде – Ордос өңірінде қалған. Шыңғыс ханның тоғыз өрлігінің бірі керей Сорхан сары өз кезінде ұйғырларды билеген. Ұрпақтарды солардың арасында қалған. Қытайдағы Оңтүстік ШУАР-дың Меркіт ауданының байырғы тұрғындары баяғы Шыңғыс дәуірінің меркіттері екендігі, ол жердегі «Доландықтар» аталған халықтың «Төлеңгіттер» екендігі жөнінде жаңа зерттеулер дүниеге келіп жатыр. Олардың тілі, салт-дәстүрі ұйғырлардан гөрі бізге жақын екен. Бұл күндері ұйғырласып кеткен сол меркіттер мен төлеңгіттер бәлкім баяғы керей Сорқан сарының билік жүргізген елі болуы мүмкін.

Зейнолла СӘНІК, зертеуші

Үрімжі қаласы