30 нау, 2026 сағат 16:45

Қызыл қағаз бен әділетсіз төреші: Шерханның анасы даулы матчты сынға алды


Фото: aikyn.kz


Футболдан Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы Украинаға қарсы шешуші матчта 3:0 есебімен жеңіліс тапты, деп хабарлайды Ult.kz.


Ойынның ең даулы сәті 30-минутта болды. Қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмырза айып алаңынан тыс жерде қарсылас ойыншыны тоқтатуға әрекет жасап, бас төреші бірден оған қызыл қағаз көрсетті. Осыдан кейін біздің команда матчтың қалған бөлігін 10 ойыншымен жалғастыруға мәжбүр болды.


Сан басымдығын тиімді пайдаланған Украина құрамасы ойын тағдырын толық өз бақылауына алып, іріктеу кезеңіндегі маңызды кездесуде Қазақстанды ұпайсыз қалдырды.


Матчтан кейін Шерханның анасы Сәуле Рабаева төрешінің шешіміне ашық түрде наразылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай маңызды ойындар міндетті түрде тікелей эфирде көрсетілуі тиіс.


“Осындай матчтарды халыққа көрсету керек. Даулы сәттер болғанда бейнеқайталау арқылы төрешінің шешімі әділ ме, жоқ па — бәрі анық көрінер еді”, – деді ол.



Айта кетейік, бұл кездесуде төрелік еткен қазылар алқасын нидерландтық төреші Джоуи Коэй басқарды. Бұған дейін Қазақстан құрамасы Румынияны 2:0 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілген болатын.

Енді U-19 құрамасы 31 наурыз күні Солтүстік Ирландия жасөспірімдер командасына қарсы алаңға шығады. Еуро-2026 турнирінің финалдық кезеңіне тек топ жеңімпазы ғана жолдама алады.