05 қаң, 2026 сағат 14:45

Қызылорда облысында криптовалюта арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат заңдастырылған

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастыру және есірткі сатудан түскен кірістерді заңдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, бір жыл бойы кәсіби ақша жылыстатушылар тобы Binance платформасы арқылы цифрлық активтерді айырбастау операцияларын жүргізген. Криптоәмияндар арқылы өткен жалпы айналым 1,88 миллиард теңгеден асқан.

Сонымен қатар күдіктілер «Fresh», «Butterfly», «CrystalOrganic», «Траутвайт НОН киви» және «SkittyShop» Telegram-арналары арқылы есірткі сатудан түскен 603 миллион теңгені заңдастырғаны анықталды.

Қылмыстық схема барысында шетел азаматтарының атына тіркелген дроп-карталардың ұйымдасқан желісі пайдаланылған.

Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдіктілер тұрғын үй, пәтер, бес автокөлік сатып алып, сондай-ақ отбасылық мейрамхана салған.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданып, екі күдікті қамауға алынды.