Фото: ашық дереккөз
Қызылорда облысы Байқоңыр қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарындағы 2022–2024 жылдар аралығындағы бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізген талдау нәтижесінде ірі көлемдегі қаржы жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру барысында орта білім беру ұйымының бас есепшісі бірнеше мұғалімнің есепшотына артық жалақы аударып отырғаны белгілі болды. Кейін бұл артық қаражаттарды өзінің жеке есепшотына қайта аударып, мемлекет қаржысын жүйелі түрде иемденіп келген.
Прокуратура мәліметінше, келтірілген залал көлемі 52 млн теңгені құрайды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданған.
Сот үкімімен есепші кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.
