Фото: ашық дереккөз
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау жүйесін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, елде логопедтер, сурдологтар мен реабилитологтар жетіспейді, ал психологиялық-медициналық педагогикалық комиссиялар мұқтаж балаларды уақытылы тексеріп үлгермей отыр.
Премьер-министрдің сөзінше, тексеруден өту кезегі бірнеше айға дейін созылып кеткен. Сонымен қатар, педагогтердің ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеу дағдылары жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.
«Мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен тиімді қарым-қатынас орната алмайды. Мұны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады», — деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған курстарды тұрақты түрде өткізу және 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім беру жүйесінің жаңа сапалы моделін енгізу қажет.
Жаңа модель кадрлық қамтамасыз етуді арттыруды және қолдау қызметтерін күшейтуді қамтиды.
