21 сәу, 2026 сағат 11:40

Таңғы трагедия: газ жарылысынан үй күлге айналды


КТК телеарнасының видеосынан кадр


Алматы облысында жойқын жарылыс салдарынан бір отбасы үйінді астында қалды. Оқиға Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында болған, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.


Таңғы уақытта болған дүмпу салдарынан жеке тұрғын үй толықтай қирап, үй ішінде болған әйел мен оның үш ұлы ауыр жарақат алды. Барлығы жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Зардап шеккендерге күйік, сынық және бассүйек-ми жарақаты диагноздары қойылған.


Үй иесі Самат Жайылханов жарылыс кезінде сыртта болған. Оның айтуынша, оқиға таңғы сағат бестер шамасында, ұлы ас дайындамақ болған сәтте орын алған. Газ қосылып, сіріңке тұтандырылған кезде қатты жарылыс болған.


Жарылыстың куәсі болған азамат бірден қираған үйге қарай жүгіріп, үйінді астында қалған жұбайын өзі шығарып алған. Кейін көршілер көмекке келіп, балаларды құтқаруға атсалысқан.


Куәгерлердің сөзінше, жарылыстың күші соншалық — маңайдағы үйлердің терезелері сынған. Ауыл тұрғындары газ құбырларының тұрғын үйлерге тым жақын орналасқанына алаңдаулы.


Оқиғадан кейін «Алматыгазсервис-Холдинг» компаниясы жер астындағы газ құбырынан ақау анықталғанын хабарлады. Мамандар газдың сыртқа шығып жатқанын тіркеп, апаттық жұмыстар жүргізген. Алайда дәл осы ақау жарылысқа себеп болды ма, жоқ па — әзірге нақты айтылмайды.


Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.


Жарылыстан кейін баспанадан тек іргетасы ғана қалған. Үй толық қирап, жарамсыз күйге түскен.

Ауыл тұрғындары зардап шеккен отбасыға көмек көрсетуге жұмылып, қаржы жинай бастаған. Жергілікті билік те материалдық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Ресми мәліметке сәйкес, өтемақы алу үшін зардап шеккендер үш ай ішінде өтініш беруі тиіс.