Фото: ЖИ арқылы жасалды
21 сәуірде Үкіметте инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2023–2026 жылдары 100-ден астам әлеуметтік жобаны іске асыруға 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлген.
Үкімет отырысындағы баяндамада «Самұрық-Қазына» өкілі ел бойынша 55 оңалту орталығы ашылғанын, онда жыл сайын туғаннан 18 жасқа дейінгі 21 мыңнан астам бала тегін оңалтудан өтетінін айтып өтті.
Көмек церебральды сал ауруы, аутизм, нейро-ортопедиялық бұзылыстары, Даун синдромы және басқа да ерекшеліктері бар балаларға көрсетіледі.
Нәтижесінде 6 мыңнан астам бала жүре бастаған және 8 мыңнан астам бала алғашқы сөздерін айтқан.
Ал 55 оңалту орталығы барлық өңірдің, әсіресе шалғайдағы елді мекендердің қажеттілігін өтеуге жеткілікті ме? Бұл туралы айтқан «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың сөзінше мұндай орталықтарға шалғай ауылдарда сұраныс жоғары.
Фото: azattyq-ruhy.kz
"55 орталық деген жай сан емес, жүйелі түрде жұмыстың нәтижесі. Әрине шалғай ауылдарда сұраныс үлкен. Инфроқұрылымдарға қатысты критерий бар. Сол критерийлерге инфроқұрылымдар дайын болуы керек. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп үлкен серіктес ретінде жұмыс атқарып жатырмыз. Әрине осы бағытта шалғай жерлерде орталықтар ашуды әлі де қарастырамыз", - деп отыр ол.
Оңалту орталықтарындағы қызмет сапасы қалай қамтамасыз етілетініне де тоқталып өткен Ғибрат Ауғанов ең басты талаптарының бірі орталықтарды білікті мамандармен қамтамасыз ету екенін айтты. Сол мақсатта мамандардың біліктілігін арттыру үшін арнайы оқытудан өткізеді екен.
"Сонымен қатар арнайы құрал-жабдықтармен қамту және арнайы методика бойынша балаларды оңалтудан өткізу. Әрине осындай жүйелі жұмыс болмаса бұл орталықтар жұмыс істемес еді", - деп айтып өтті Ғибрат Ауғанов.
Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7% құрайды. Оның ішінде шамамен 56% еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
«Самұрық-Қазына» қоры да мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға ат салысып жатқан көрінеді. Қазіргі таңда қор тобының компанияларында ерекше қажеттіліктері бар 3 042 адам жұмыс істейді. Мысалы, Air Astana әуе компаниясының ұшақтарына арналған жастықтар мен жамылғыларды қордың оңалту орталықтарынан өткен адамдар қаптайды екен.
Дәл осындай үздіксіз тәсіл, яғни туғаннан бастап дербес өмірге дейін қолдау көрсету – әр адамның әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді деп отыр қор өкілдері.
"2019 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-да «QSamruk» деген платформа жұмыс істейді. Ол - цифрландырылған бірыңғай жүйе. Біздің еншілес компанияларымыз сол арқылы жұмысқа адамдарды қабылдайды. Сол платформамызда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы тетікше бар. Мүгедектігі бар адамдар сол жерде тіркеліп, бос лауазымдарға қатыса алады. Мысалы қазір «QSamruk» платформасындағы ұяшыққа кірсеңіз 30 бос жұмыс орны жарияланып тұрғанын көресіз. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандар тек «QSamruk» арқылы ғана жұмысқа орналасады деген сөз емес. Бізде барлығына мүмкіндік бірдей. Олар басқа да бос лауазымдарға қатыса алады.
Сондай-ақ біздің рекрутерларымыз айына бір рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобында бар. Сол жұмыс тобына да біз айына бір рет өзіміздің бос орындарымызды жібереміз. Ең басты біздің құндылығымыз жұмыс орындарында мәдениет қалыптастыру бойынша, адам капиталын жақсарту және бейімдеу бойынша үлкен жұмыстар атқару", - деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
