14 мау, 2021 сағат 15:46

Мамай өзін тығырыққа тірегені әу бастан белгілі еді – заңгер Тәшенова анонимді телеграм-каналдар жайлы



Белсенді Жанболат Мамай мен Инга Иманбай журналистік тәжірибенің тым аздығынан өз зерттеулерінде анонимді телеграм-каналдарға сілтеме жасаған. Бұл туралы сотта Бауыржан Байбектің мүддесін қорғап жатқан заңгер Айжан Тәшенова айтты. Осылайша "Мамай өзін әу бастан-ақ тығырыққа тіреді" дейді ол.

Айта кетейік, Мамай мен Иманбайдың сәуір айында жариялаған бірнеше видеоматериалында айтылған деректер «Uzyn Qulaq» телеграм-каналы мен «БАСЕ» YouTube-каналынан алынған. Олардың алғашқысы анонимді канал болса, екіншісін Украинада қашып жүрген Садыковтар отбасы жүргізеді.

«Мамай мен Иманбай сот процесі күні жарияланған кезде ғана «есін жиып», адвокат жалдап, өз сөздеріне дәлел іздей бастады. Олар бір емес, үш бірдей қорғаушы жалдады. Алайда сотқа дайындаған жауаптың сапасына қарап, бұл адвокаттар Мамай мен Иманбаеваға көмектесе алмайтын секілді. Сондықтан да олар нақты дәлелмен сөйлеудің орнына тақырыпты басқа жаққа бұрмалаумен болды. Яғни, дәлелдерінің жоғын көрсетті», - деді Айжан Тәшенова.

Заңгер бұған дейінгі отырыстарда Байбекке қарсы айтылған айыптарды жоққа шығаратын ресми құжаттарды түгелдей тапсырғанын тағы еске салды.