Фото: Көлік министрлігі
2026 жылғы 16 қаңтар күні түнгі сағат 01:03 шамасында KZ-11 «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолының 383-шақырымында жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Ақтау қаласынан Бейнеу ауылы бағытында келе жатқан Yutong маркалы автобус жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Автобус 2025 жылғы 19 желтоқсанда техникалық байқаудан өткен және «CASPIAN TRANS CORPORATION» LLC компаниясында тіркелген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында төрт жолаушы қаза тауып, тағы үш адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобуста барлығы 50 жолаушы болғаны белгілі.
Аталған автожол учаскесі техникалық II санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жолдың ені 9 метрді құрайды. Алдын ала тексеру барысында жол жамылғысында ақаулар анықталмаған, жол белгілері бекітілген талаптарға сай толық орнатылған. Апат тәуліктің қараңғы уақытында орын алған.
Автобусты 1985 жылы туған жүргізуші басқарған. Алдын ала дерекке сәйкес, жол-көлік оқиғасы болған жерден шамамен 200 шақырым бұрын екінші жүргізушімен ауысу жүргізілген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
