17 қыр, 2025 сағат 16:49

Маңғыстауда кәсіпкерлердің құқығын бұзған 17 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысының прокуратурасы кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тексеру қорытындысында әртүрлі уәкілетті органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан негізсіз тексерулер тағайындау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу бойынша 17 құқықбұзушылық дерегі анықталды.

Осыған байланысты прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 17 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 173 және 175-баптары бойынша жазаланды.

Заңбұзушылықтар Ақтау қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған және Бейнеу аудандарында тіркелді. Нақтырақ айтқанда, заңсыз тексерулер жүргізу, қызметтер үшін төлем жасаудан негізсіз бас тарту, негізсіз талап арыздар беру, құжаттарды заңсыз алу және тексерулерді тіркеу тәртібін бұзу фактілері анықталды.

Прокуратура кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды әрі қарай жалғастырады және әрбір анықталған заңбұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.