19 ақп, 2026 сағат 17:41

Майқайыңдағы сақталған мәйіттер: әкесі мен қызы қашан қайтыс болғаны белгілі болды

Фото: Politico.kz

Павлодар облысының Майқайың кентінде екі үйден мумияланған күйде табылған әке мен қыз жерленді. Олардың нақты қайтыс болған күндері анықталды. деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы Tengrinews.kz жазды. 13 ақпанда полиция қызметкерлері кенттегі көршілес орналасқан екі жеке тұрғын үйден ер адам мен әйел адамның мумияланған мәйіттерін тапқан болатын. Үйлердің бірінде қарт әйел, оның алты жасар немересі және қыздың нағашы әпкесі тұрған.

Полиция мен әкімдік өкілдері зейнеткердің үйіне дәрігерлердің хабарынан кейін барған. Дәрігерлер отбасы мүшелерінің бірі ұзақ уақыт бойы қабылдауға келмегенін айтқан. Үйге барған кезде ешкім есік ашпаған.

Тексеру барысында екі бөлек үйден екі адамның мумияланған денесі табылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қарт әйел мен оның үлкен қызы полицияға жеткізілді, ал кәмелетке толмаған қыз медициналық тексеруге ауруханаға жатқызылды, кейін оны балалар үйіне орналастыру жоспарланған.

Анықталғандай, табылған мәйіттердің бірі – алты жасар қыздың анасы, 39 жастағы Наталья. Ол 2024 жылдың 7 ақпанында қайтыс болған. Екінші мәйіт – оның 57 жастағы әкесі, ол 2025 жылдың 22 қыркүйегінде көз жұмған.
18 ақпанда әке мен қыз жер қойнына тапсырылды. Құлпытастарында олардың туған және қайтыс болған күндері көрсетілген. Жерлеу рәсімін Германиядан арнайы келген туыстары ұйымдастырған.

Марқұм Натальяның сыныптастары мен таныстары болған жайтқа әлі де сене алмай отыр. Сыныптасы Зарина Жұмаеваның айтуынша, Наталья сабырлы, ақкөңіл әрі білімді болған. Мектепті үздік бітіріп, кейін бухгалтер мамандығын алған және жергілікті алтын өндіру кәсіпорнында жұмыс істеген.

Қызын дүниеге әкелгеннен кейін оған онкологиялық ауру диагнозы қойылған. Әріптестерінің айтуынша, алғашқы ем курсын өткен соң ол терапиядан бас тартқан. Әкесі оны ауруханаға апаруға тырысқанымен, анасы рұқсат бермей, ер адамды бөлек үйге көшіріп жіберген.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, марқұмның анасы поштаға зейнетақы алуға және дүкенге барып жүрген, алайда ешкімді аулаға кіргізбеген.

Қылмыстық іс нақты қай бап бойынша қозғалғаны әзірге жарияланған жоқ. Марқұмның анасы мен әпкесі қазіргі уақытта Павлодар қаласындағы психикалық денсаулық орталығында медициналық тексеруден өтуде.

Облыстық соттың мәліметінше, әйелдерге қатысты бұлтартпау шарасы әзірге таңдалмаған.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.