23 жел, 2025 сағат 12:41

«Мен СССР-де тудым»: Қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан мейрамхана әкімшісі жұрттың ашуын көтерді


Фото: видеодан скриншот

Шымбұлақта орналасқан мейрамханалардың бірінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тарту дерегі қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ult.kz.

Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша оқиға тау-шаңғы курорты аумағындағы Gusto мейрамханасында болған. Жазба авторы мейрамхана әкімшісінен қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар-жоғын сабырмен сұраған. Алайда оған жауап ретінде дөрекі сөздер айтылып, қорлау мен балағатқа ұласқан.

«А че разве это проблема, что если здесь никто не говорит на казахском?»
Осы сөзді мен Шымбұлақтағы Gusto мейрамханасының администраторынан естідім.
Администратордың есімі — Елена.
Мен өте сабырлы түрде бір ғана сұрақ қойдым:
мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма деп.
Жауап ретінде — боқтық, қорлау жәнеде кейін артынан мынадай да сөздер айтылды:
— «Я родилась в СССР и не обязана говорить и обслуживать на казахском языке»
— «Мне казахский язык не нужен», - деп мән-жайды баяндады автор.



Оның сөзінше мейрамхана әкімшісі мәселені шешудің орнына, әдейі арандатып, жанжалды ушықтырған.

«Осы арандатулардан кейін мен болған жағдайды телефонға түсіре бастадым», - деген автор әкімші өзін қуып шығаруға тырысып, физикалық әрекетке дейін барғанын айтады.


«Одан кейін полиция шақырылды. Соның салдарынан мен шамамен 3 сағат уақытымды жоғалттым,ал туристерім суықта мені күтіп қалды. Оқиғаны растайтын видео бар, сондай-ақ бәрін растай алатын басқа куәгер де бар», - деп жазады ол.


«Бұл жағдай кез келген жерде емес, еліміздің имиджі қалыптасатын туристік аймақта болды», - деген ол мемлекеттік тілді қорлау — бұл жеке пікір де, ұсақ мәселе де емес, мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайды деп есептейді.

Осы оқиғадан кейін қоғамда наразылық көбейіп, әлекуметтік желілерде Gusto мейрамханасына шағымданып жатқандар артты. Алайда мейрамхана өз парақшасын жауып тастаған. Жұрт 2gis картасында да қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп, мейрамхана Қазақстан заңдарын өрескел бұзып отыр деп шаңымданып жатыр. 

Фото: 2gis-тан скриншот