17 мау, 2025 сағат 12:49

«Қазақстан тұрғындары 2024»: Министрлік жеке деректердің таралуына қатысты түсініктеме берді

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке деректерінің таралуы туралы хабарламаларға байланысты ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тергеу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, деректердің шынайылығы мен олардың таралу көзін анықтау жұмыстарын қолға алды.

"Алғашқы тексеру нәтижелері деректердің мемлекеттік емес, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алынған болуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік ақпараттық жүйелерден деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижесінде бұзылу жағдайлары анықталған жоқ", – делінген министрлік хабарламасында.


Егер азаматтардың деректері таралса, оларға eGov порталы арқылы жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі.

Бұған дейінгі ұқсас жағдайларда ақпарат қызмет көрсету саласы мен микроқаржы ұйымдарының ескі базаларынан алынғаны белгілі болған.

Министрлік жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру аяқталғаннан кейін жарияланатын болады.

Айта кетейік, TSARKA Қазақстан халқының дербес деректерінің жаппай таралуын растады. Интернетте 16,3 млн адамның ЖСН, мекенжайлары, телефон нөмірлері мен медициналық мекемелерден алынған мәліметтері таралған. Құжат «Қазақстан тұрғындары 2024» деп бейресми аталған.