28 қаз, 2023 сағат 12:45

"Митталға бәрібір" - депутат шахтадағы жарылыс туралы

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

«Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін қауіпсіздік техникасы күшейтілмеді, ескерту жүйелеріне аудит жүргізілмеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғадан кейін 2 айдан астам уақыт өтті. Меншік иесі болған оқиғаға қатысты ешқандай қорытынды жасаған жоқ. Қауіпсіздік техникасы күшейтілмеді, ескерту жүйелеріне аудит жүргізілмеді. Адамдар өле берді. Миттал мен оның қарамағындағыларға біздің отандастарымыздың жай-күйі мен тағдырына бәрібір», - дейді депутат.

Шаталов Үкіметтің Арселормен келіссөздерге нүкте қоюы керектігін, біздің елімізге мұндай инвестор қажет еместігін баса айтты.

«Тек соңғы жылдары олар жүздеген миллиард теңге пайда тапты. Жаңғырту мен өнеркәсіптік қауіпсіздікке бөлінген инвестициялық бағдарламалар ақшасы қайда кетті деген жеке сұрақ туындайды. Бұл туралы да ойлану керек, өйткені біреулердің жасырып-көмектесуі болмаса, мұның бәрі мүмкін емес еді. Бізге отандық инвестор керек. 

Митталдың кәсіпорындарында жұмыс істейтін жерлестерімнің оның кетуінен қорқатынын білемін. 90-шы жылдардан бері ештеңе өзгерген жоқ. Бірақ егер ол қалса, бізде бірде-бір жұмыс істейтін шахта қалмайды. Өйткені трагедиялар әрі қарай да қайталанатыны анық. Теміртаудағы шахталар мен зауытта жұмыс істейтін адамдардың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы – меншік иесінің ауысуы. Және бұл мүмкіндігінше тез болуы керек», - деп пікір білдірді спикер.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.