15 мау, 2022 сағат 14:36

Мұхтар Түменбай: "Досым Сәтпаев - дарынды популист"


Ал мен Айдос Сарымның айтқанымен келісем. Мен үшін қашанда КІМ айтқаны маңызды емес, НЕ айтқаны маңызды. Адамның өзі емес, айтқан пікірі қызықтырады мені. Айдостың бұл жолғы экспрессивтік сөзі сәл-пәл қарабайырлау шықты, әрине. Өз деңгейінде емес. Дегенмен айтар ойын бәріне жетерліктей етіп түсінікті жеткізді. Құр бос "балабол-задушевник" болмай, іске аралас, сырттан сынай бермей, іштен араласып, жұмыспен дәлелде жігіт екеніңді деді. Онда тұрған не бар?..

Олай деп талап ететініндейі бар Досымнан.

Досым Сатпаев, шын мәнісінде, сырттан тұрып сынаудың профессионалы. Айдан анық айғақталған фактілерді констатациялаудың хас шебері, дәлелдерді қажет етпейтін, елге әбден белгілі болған проблемаларды майын тамызып  жариялаудың маманы. Шынына келгенде, өте ыңғайлы позиция. Билік тарапынан претензия бола қалса, "мен не істеп қойыппын, жұрттың бәрі соны айтып жүр ғой" деуге жақсы. Ал сол айтылған проблемаларды шешудің жолдарын сұрасаң, ол баланың айтары аса жоқ. Қалбалақтайды да қалады. Ондай адамдарды негізінде "популист" дейді. Бірақ, әділдік үшін айта кетейік, оқығаны бар, көзі ашық, кез келген теманы кәмпит құсатып, әдемі орап сата алатын дарынды популист.

Оны да қойшы, кім популист болмай жүр бұл күнде. Досымның өмірлік позициясында мені біршама күмәндандыратын бір факт бар. Бұл жігіттің саясаттанушы атанып, ел алдына шығып жүргеніне міне ширек ғасырдан асты. Негізгі қаузайтын тақырыбы - Қазақстан, оның ішкі-сыртқы саясаты. Оқырмандары да негізінен қазақ аудиториясы. Пір тұтатын да сол қазақ. 

Ал сол Досымның осы елдің азаматы бола отырып осы елдің саяси өміріне белсенді араласып жүріп, содан нәпақасын тауып жүріп, өзі де мемлекет құраушы ұлттың өкілі бола тұра, сол елдің мемлекеттік тілін, өзінің ана тілін меңгеріп алуға зауқы жоқ. Сөйтіп жүріп Досым ағылшын тілін үйренгенін, басқа да тілдерді өз бетінше игеріп жүргенін мақтанышпен айтады. Демек тілдерге қабілеті жоқ емес, бар. Бар болса да, қазақ тіліне құлқы жоқ. Мұндай көзқарасты мен не нақұрыстықтың нышаны немесе өз тілінің болашағына сенбеудің, содан барып сыйламаудың белгісі дер едім. 

Басқалар үшін бұл факт көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін әрине. Бірақ мен үшін бұл көрсеткіш. Адамның азаматтық позициясының, құндылықтар жиынтығының көрсеткіші, ұлтына, еліне деген қатынасының өлшемі.

Менің айтпағым, ағайын, кімнен болса да, мейлі ол саясаткер болсын, мейлі аспаз болсын, не депутат болсын, қолдан пір жасағанды қойсақ. Ал солар үшін жаға жыртысудың тіптен қажеті жоқ. Сыйлаңдар, сыйламаңдар, ұнатыңдар, ұнатпаңдар, тек көкке көтермеңдер. Жалпы жақсы әдет емес ол. Талайды пір санадық, содан не болды ал? Естеріңізде болсын, періштелер қара жерді басып жүрмейді. Олардың мекені басқа жақта. 

Ал кешегі оқиғаға қатысты айтар болсам,  шыр-пыр болуға еш себеп жоқ. Адам өз ойын айтты. Қажет болса, Досым өзі-ақ жауап берер Айдосқа.

Мұхтар Түменбайдың Facebook-тағы жазбасынан