18 қаң, 2025 сағат 16:41

Мызғымас шекара - ашық аспан кепілі



Бүгін еліміздің Ресеймен іргесін халықаралық норма бойынша бекітіп алғанына 20 жыл толды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылған болатын. Шарт өзін ақтап келеді және Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжанмен шекараларды БҰҰ халықаралық нормаларына сай тастай қылып алғанымыз - 2019 жылға дейінгі биліктің ең ауыз толтырып айтар шаруасы болды. Экономист Айбар Олжаев осындай пікір білдірді. 


Сөзбе-сөз: 


Не десек те, географиядан аттап өте алмаймыз. Ресей алып ел. Теріскейде іргелес жатыр. Тарыдай шашылып қалмауымызға жылдар бойы дана дипломатиямыз сеп болып келеді. Алып көршімен шекіспей, қайда іргелестіктің пайда әкелер тұсын іздеп, барынша тырысып келеміз.


Шекаралас әріптестік өте тығыз, себебі құрлықтағы ең ұзын осы шекараны бойлай 32 миллион адам тұрады. Экономикалық, өнеркәсіктік, сауда және инфрақұрылымдық байланыстар біте байланған. 2024 жылдың 9 айында ресейлік инвестициялар ағыны 2,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Ресейлік бизнестың отандық экономикадағы күрт артты. Бүгінде Қазақстанда 24 мыңға жуық ресейлік компания жұмыс істейді. Оның 4 мыңы өткен жылы ашылған.


Қазақстан бұдан профит пен дивиденд ала бастады. Енді арнаулы валюталық режим іске қосылып, ЕАЭС баж салықтары үлесін көбейте алсақ, онда біз алатын плюстер көбейері хақ.


Энергетикамызға Ресей үш ТЭЦ салып,  Екібастұз ГРЭС-ін жаңғыртып, еліміздің бірқатар өңірлерін газдандыру арқылы қатысуда. Атом энергетикасы бойынша әріптестікте перспективасы сақталып отыр.


Шекара бойынша келісімге 20 жыл толды. Осы келісім мәңгі болсын және ешқашан бұзылмасын деп тілейміз.