17 мам, 2023 сағат 18:08

"Назарбаев университетіне құйылған қаржының нәтижесі жоқ" – Мұрат Әбенов

Фото: informburo.kz

Назарбаев университеті мемлекет миллиардтап қаражат құйса да, бір жыл ішінде небары 15 ғылыми патент алған. Бұл туралы бүгін мәжілісте ғылымды дамыту мәселесіне арналып өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Мұрат Әбенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Менің сұрағым бірінші Назарбаев университетінің өкіліне, кейін министрге арналады. Жалпы, бұл мәселені мен қоғам белсендісі ретінде бірнеше жылдан бері қозғап жүрмін, енді бүгін Парламент мінберінен қойғым келіп отыр», - деді сөзін бастаған Әбенов.

Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен бұрынғы министр, қазір мәжілістегі әлеуметтік даму комитетінің төрағасы болып отырған Асхат Аймағамбетов білім саласында жақсы реформалар бастап жүрген басшылар.

«Бірі министр, бірі комитет төрағасы, екеуі жақсы реформалар бастады, қолдаймын, идеялары керемет. Қаржыландыруды көбейту, дербес болу, зертханаларды күшейту сияқты идеялары жақсы. Халықаралық рейтингтертерге кіру туралы талап, ғылыми мектеп құру туралы бастама, жалпы осылардың бәріне қарасақ, бізді керемет болашақ күтіп тұрған сияқты. Бірақ, бірақ...» - деген Мұрат Әбенов Қазақстанның осыдан он бес жыл бұрынғы үлкен жобасы – Назарбаев университеті өзіне салынған инвестицияға сай нәтиже бермегенін айтты.

«Дәл осындай бастамаларды біз он бес жыл бұрын жасадық. Назарбаев университеті үшін бүкіл қаржыны төктік. Бүкіл университеттердің жағдайын соларға теңестіреміз дедік, зертханалардың бәрін сол Назарбаев университетіне бердік. Статусын күшейттік, ешкім тексерген жоқ, қараған жоқ. Ол университет тіпті Ғылым академиясының орнына жұмыс істейді дедік. Университеттердің бәрінен қаржыны қысқартып, осы университетке бердік. Бірақ нәтижесін көрмедік. Міне, он бес жыл болды, нәтиже көрінбейді. Қаржыландыруды айтайын, 2020 жылы 7 млрд 600 млн теңге, 2021 жылы 7 млрд 21 млн, 2022 жылы 2 млрд 154 млн теңге салынды. Бірақ, нәтиже жоқ. Мысалы, бір жылдың ішінде университет 15-ақ патент алған. Мен Сәтбаев университетінің директорлар кеңесінің мүшесі болдым. Бұл оқу орнының қаржыландыру деңгейі Назарбаев университетінен 3-4 есе аз болса да, бір жылда 44 патент алған. Біз қаржының бәрін бір ғана университетке үйіп-төктік, бірақ нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Сондықтан сұрағым былай: Назарбаев университетінің нәтижесін, қаржының қайда жұмсалып жатқанын министрлік қарай ма, тексере ме? Назарбаев университеті біздің университеттермен бірге жұмыс істейді деп еді, қазір зертханаларын беріп, байланыс жасап жатыр ма? Басқа университеттердің бәрінің аузынан жырып алып, осы университетке бердік, бірақ, басқа университеттермен байланыс орнатты дегенін естіген жоқпын. Халықаралық рейтингтердің төртеуін көріп шықтым, біреуінде де Назарбаев университеті жоқ. Сонда, қаржының бәрі қайда кетті?», - деді Мұрат Әбенов.

Үкімет сағатына модератор болып отырған депутат Дания Еспаева сұраққа жауап беру үшін Назарбаев университетінің ғылыми әкімшілік директоры Асанбай Жұмабековке сөз берді.

«Рұқсат болса, мен бұл сұраққа орыс тілінде жауап берсем. Қазір Назарбаев университетінде 300-ден астам ғылыми-техникалық жобалар жүзеге асып жатыр. Олар университетті дамытуға бөлінген қаражат пен демеушілердің есебінен қаржыландырып жатыр. 2022 жылдан бері университет бірлескен зеттеулер бағдарламасын жүзеге асырып келеді, бұл бағдарламаға Қазақстанның университеттері міндетті түрде қатысады. Қазір біз 75 жобаны қаржыландырып отырмыз, олар жобаларға отандық 34 жоғарғы оқу орындары қатысып жатыр. Біз Сіздерді (депутаттарды – ред.) университетімізге шақырып, жобаларымызды қуана таныстырамыз. Сіздерді күтеміз», - деді Назарбаев университетінің ғылыми әкімшілік директоры Асанбай Жұмабеков.

Бұл ретте Дания Еспаева Назарбаев университетінің өкіліне ескерту жасап, мемлекеттік тілде қойылған сұраққа келесі жолы мемлекеттік тілде жауап талап ететінін айтты. 

Өз кезегінде депутат Мұрат Әбенов Назарбаев университетінің ғылыми әкімшілік директоры берген жауапқа қанағаттанбаған кейіп танытқан соң, Дания Еспаева бұл мәселені әлі де кең ортада талқылайық деген ұсыныс білдірді. 

«Бұл мәселе өте ауқымды. Сондықтан, мәжіліс білім жөніндегі жұмыс тобы  бюджетті нақтылау туралы отырыс өткізкенде, осы Назарбаев университетінің бүкіл шығынын білейік, ол шығынның тиімділігін қарайық. Асанбай Жұмабеков, жақын арада жұмыс тобының отырысына жақсылап дайындалып, кемі соңғы үш жылда қанша қаражат алдыңыздар, оны қайда жұмсадыңыздар деген толық есеппен келіңіз», - деді Дания Еспаева.

Ал депутат Мұрат Әбеновтің сұрағына қысқаша комментарий берген министр Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің жұмысы өз алдына бөлек заңмен реттелетінін айтты.

«Университетті басқару жүйесі өте күрделі екен, шыны керек, оны өзіміз енді-енді түсініп келеміз. Жоғарғы қамқоршылық кеңес, одан кейінгі кеңес, Назарбаев университеті бір бөлек, Назарбаев Зияткерлік мектептері бір бөлек, Назарбаев қоры бір бөлек жұмыс істейді. Мен министр ретінде университеттің  Қамқоршылық кеңесіне мүше бола алмаймын, мүшелікке өту үшін заңды өзгерту керек. Үкімет деңгейінде сол заңға қазір тиісті өзгеріс қарастырылып жатыр. Ол ұзақ процесс. Депутат Мұрат Әбеновпен толығымен келісемін, шын мәнінде қомақты қаржы бөлінеді. Шынында да жоғарғы білім саласының үлкен бюджеті бір университетке берілді.  «Осы он бес жылда бір университетке салған қаражатты басқа университетке бөлгенде, қандай нәтиже болар еді?» деген сұрақ та бар көкейде. Сондықтан, заң өзгерген жағдайда ақырын бақылауға аламыз», - деді Саясат Нұрбек.