17 қаң, 2019 сағат 14:56

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2 бөлмелі пәтерге сұраныс жоғары

Өткен жылда 38 250 қазақстандық отбасы баспанамен қамтылды, бұл ретте әрбір төртінші қарыз «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында берілді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова хабарлады.

«Үш жыл ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біз 100 млрд теңге қаражатқа қазақстандықтарға пәтер беріп, баспанамен қамтамасыз еттік. 2018 ең рекордты жыл болды – біздің салымшыларымыз бен кезекте тұрғандар 8 659 пәтер алды. Қазір біздің банкте 1,2 млн ашылған депозит бар, олардың ішінде 150 мыңнан астам салымшы - жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрғандар. Бұл баспанаға 64 млрд теңге бөлінді, салымшылардың шамамен 10%-ы осы құнға толығымен банк ішінде қаржы жинап, толық өтеуді жүзеге асырды», — деп ақпарат берді Л. Ибрагимова.

Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің басқарма төрайымы атап өткендей, «Нұрлы жер» елдегі жеңілдігі ең көп бағдарлама болып саналады. Біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматтығына немесе оралман мәртебесіне ие болу керек, ал екіншіден, соңғы 5 жылда салымшыда тұрғын үй болмауы керек.

«Банк тек баспанасы жоқтарды ғана қамтамасыз етеді. Бұл адамдар бізге әкімдіктерден келіп, төлем қабілеттілігін бағалаудан өтеді және сол несие бойынша алғашқы төлем шарттарына сәйкес 5% мөлшерінде 20% қарыз алады. Бағдарлама шарттарына сәйкес жалға берілетін тұрғын үйдің 1 ш.м. құны тіркелген және Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 180 000 теңгені құрайды. Басқа өңірлерде баға 140 000 теңгеден аспайды», — деп хабарлады ол.

2019 жылы Тұрғын құрылыс жинақ банкі өз салымшыларын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 59,7 млрд. теңгемен несиелендірмек. Тұрғын үй мемлекеттік бағдарлама аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банк клиенттері үшін еліміздің барлық өңірінде берілетін болады. Биыл аймақтық әкімдіктердің мәліметтері бойынша, тағы 14 220 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Жалпы мемлекеттік бағдарлама іске қосылған уақыттан бері (2016 жылдың соңынан) 13 197 қазақстандық қоныс тойын атап өтті. Оларға шаршы метрді сатып алуға 98,2 млрд теңге мөлшерінде қарыз берілді. Олардың 69%-ы республикалық бюджеттен бөлінді, қалған 31%-ы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның меншікті қаражаты. Екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары, сатылған тұрғын үйдің 60%-дан астамы екі бөлмелі пәтерлер.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жыл сайынғы Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасына оң баға берді. Бағдарлама тұрғын үй құрылысына қуатты серпін берді және мыңдаған қазақстандықтың баспаналы болуына көмектесті. Оның көмегімен жергілікті әкімшіліктерде кезекте тұрған, бюджеттік салада жұмыс істейтін және табысы нарықтан тұрғын үй сатып алуға жетпейтін тұрғындардың жеңілдетілген бағамен пәтер сатып ала алады», — деді Л. Ибрагимова.

Айта кету керек, тұтастай алғанда, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы «Нұрлы згер» бағдарламасы бастапқы нарықта сатылған тұрғын үйдің 50%-ын құрайды. Жалпы, 2018 жылы ТҮҚЖБ 38 295 қазақстандық отбасына тұрғын үй сатып алуға көмектесті. Қазіргі уақытта 1,3 млн қазақстандық банкке өздерінің жинақ ақшасына сеніп тапсырған. Олардың өздерінің есебінде 624,2 млрд теңге жинады. Болашақ тұрғын үйге қаржы жинау үшін оларға банк қана емес, сонымен бірге мемлекет те көмектеседі. Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің барлық салымшысы 20% мемлекеттік сыйақы алады. Ол 200 АЕК-тен (2019 жылы 505 000 теңге) аспайтын мөлшердегі қаржыға қосылады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, ағымдағы жылдың ақпан айының бірінші жартысында банк салымшылары мемлекеттік сыйақы алады.

Еске сала кетейік, «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жүзеге асыратын еліміздегі жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің жалғыз акционері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ болып саналады.