Фото коллаж: Артур Нығметтің кітабынан
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.
10 тарау. Генерал Макашовтың мойындауы
11 тарау. Михаил Есенәлиев
10 ТАРАУ. ГЕНЕРАЛ МАКАШОВТЫҢ МОЙЫНДАУЫ
Мәскеудегі империялық күштердің 1991 жылы Қазақстан территориясының бір бөлігін бөліп алуды ойластырғанына, тіпті ол үшін әскер дайындағанына көз жеткізу үшін ең қажетті мойындау, ең басты дәлел – арада жылдар өткеннен кейінгі генерал Альберт Макашовтың әңгімесі болды. Ол мойындауды тағдырдың жазуымен Приднестровьеде Тираспольда кездейсоқ кездесуде басқа емес, дәл Нәжімеден Есқалиевқа айтқан еді.
1998 жылдың жазында Қазақстанның Украинадағы және Молдовадағы елшісі қызметін қоса атқарған Нәжімеден Есқалиев Кишеневке жолға шығады. Украинадан шыққан жол Приднестровье облысынан өтетін. «Мойындалмаған республиканың» аймағында кідірмеуді ойлаған ол баласына сусын алу үшін бір минутқа дүкенге кіреді. Дүкенде оны таңғалдырған кездесу болады. Ол бұрын КСРО Халық шаруашылығы академиясында бірге оқыған курстасы, энергетик Георгий Тихоновты кездестіреді.
Тихоновтың Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты екенін, Отандастар ісі жөніндегі комитетті басқаратынын Есқалиев білетін. Оның амплуасы, яғни рөлі - атышулы шовинист. Күтпеген кездесуден Георгий Тихонов та абдырап қалды. Дегенмен ескі таныстар жылы амандасты. Есқалиев оның қасындағы пошымы таныс адамға назар аударады. Ол Приволжск-Орал әскери округінің бұрынғы қолбасшысы Альберт Макашов болып шықты.
1992 жылы Макашов өзін-өзі жариялаған Приднестровьедегі Молдова Республикасы билігіне армия құруға көмектесті, қайта жанданған казактар да сол жерде іске қосылған еді. Отставкадағы генерал Ресей Жоғары Кеңесін таратудағы әйгілі бүлік ісі бойынша 1993 жылы қамауда да болып үлгерген еді. Макашов белгілі орыс шовинистерінің біріне айналды, кейін ол ашық антисемиттік айыптаулар мен тезистер таратты. Ал біздің оқырманға Макашов сол 1991 жылғы сепаратистік оқиғасы кезінен белгілі еді.
Генералдың Есқалиевты көзбе-көз танымайтыны анық болатын. Есқалиев Тихоновқа өзінің асығыс екенін ескертті. Бірақ өзін курстас ретінде ұстаған Тихонов одан қалғысы келген жоқ, ол да Кишеневке жиналды. Сол арада Тихонов пен Макашов кейін өздері айтқандай, Приднестровье халқына тарату үшін әкелінген Ресей төлқұжатына толы портфельдерін көмекшілеріне қалдырды.
Осылайша үш жолаушы Днестр өзеніндегі шекаралық бекеттерден асып, «Приднестровье республикасы» аймағынан, шын мәнінде құқықтық мәртебесі айқындалмаған аймақтан шыққаннан кейін Кишеневке апаратын жол жиегіндегі тоғайға тоқтады. Осы жерде дәстүрлі шағын үстел, яғни дастарқан жайылды. Тихонов өз серігіне Есқалиев туралы айтып үлгергені байқалды. Машинадан түскен қазақ елшісіне құшақ жая ұмтылған эмоциональды генерал сөздерін асығыс қайталап жатты:
- Осындай екенсің ғой, жолдас Есқалиев!
Өзінің тәуелсіз республиканың елшісі екенін айтып, генералға «салмақты» ескерту жасауға мәжбүр болған Есқалиев тек ресейлік тату көршілерге ғана достық көңіл білдіре алатынын жеткізді. Генералға қараған ол сөзін ары жалғады:
- Бұрынғы қолбасшы жолдас, Сіз туралы да мен көп естідім. Егер сол кезде Оралда бізге Алла көмектеспегенде, бүгін біздің қандай халде, қандай рөлде кездесетінімізді кім білсін, тіпті кездесер ме едік?
Тихонов әңгімені дастарханға қарай бұруды, ыңғайсыз жағдайды жуып-шаюға тырысты. Аздап ащы судан алып, украин салосымен ішіне ел қондырған Макашов ашылып сөйлеп кетті:
- Білесіз бе, - деді генерал. - Шынында да Жаратушы Құдай сіздің жақта болды. Мен қазақтарды бұрыннан әрі жақсы білемін. Олардың арасында менің қызметтестерім мен достарым көп болды. Олардан асқан қайырымды да қонақжай, олардан асқан қызмет пен міндетке жауапты орындаушы халықты мен кездестірген жоқпын. Бізді тағдыр екеумізге де жат жерде кездейсоқ кездестірген екен, ендеше, мен сол кезде, 1991 жылдың күзінде, мен КСРО қорғаныс министрінің бұйрығын орындағанымды мойындауға тиіспін.
Нәжімеден Есқалиев Макашовтың рас әрі адал сөйлеп отырғанына күмәнданған жоқ, КСРО күйрегеніне көп жыл өткенде бұл енді әскери құпия емес еді.
Макашов сөзін жалғастырды: «Маған Самара облысының Үлкен Черниговка селосы маңына танк полкін қою пәрмені берілді, 94 танк маршқа дайын тұрды. Танк бөлімінің командирі маған өздеріне казак жаяу әскері бөлімшесі қосылғанын және әскерилермен бірге Оралға баруға дайын екендіктерін жеткізді. Мен полк командиріне менің бұйрығымсыз ешқандай әрекет жасамауды тапсырдым, өйткені іс өте маңызды еді. Нұсқауды мен Кеңес Одағы маршалы Язовтың өзінен алдым. Сол кездегі тәртіп бойынша мен өз әскеріммен жергілікті биліктің келісімімен маған тапсырылған кез келген аймаққа кіре алатын едім. Алайда бұл жағдайда сіздің келісіміңіз қажет болған жоқ, диспозиция мүлде басқа болды. Мен Оралдағы тәртіпсіздікті бейтараптандыру үшін бітімгершілік миссияны орындауым керек еді. Бұл маған Оралға біздің танкілерді кіргізуге, сосын одан әрі жақын жердегі Гурьевке қарай жүруге себеп болатын еді.
Оралға Одақтың бар түпкірінен казактар әлдебір мерейтойды мерекелеу үшін жиналып жатқанын баяндап тұрды. Сол сияқты Назарбаевтың өзі және жергілікті билік бұл мерекенің өтуіне қарсы екені де белгілі болатын. Жергілікті халық оларды қолдады. Ақымақ ТЖМК бүлігі бар жоспарды бұзды, біздің қорғаныс министріміз маршал Язов түрмеге отырды. Бірақ министр бұйрығын ешкім қайтарған жоқ, ол әлі күшінде еді. Кеңес Одағы әлі ыдырамағандықтан, ол бұйрықты тек КСРО қорғаныс министрі ғана қайтара алатын еді. Округ штабында Орал казактарынан «оларды ұрып-соғып жатқаны» туралы тиісті дабылды күтті, бірақ түске дейін ешқандай ақпарат келген жоқ.
Сол тұста сіздің облыс аймағына кіруге, оқиғаға араласу ықтималдығы туралы Оралдан шұғыл хабарлама келді. Маған қатты ашуланған қазақ жастарының үлкен тобы Сіздің алаңға келуіңізді талап етіп жатқанын мәлімдеді. Агрессивті көңіл-күйдегі жастар партия обкомының бірінші хатшысына, КОКП ОК мүшесіне күш қолдануды ойластырған екен. Ал бұл Оралға әскер кіргізуге жақсы себеп болатын.
Менде бұйрық бар, мен ұлтшыл топтардың шабуылына, партия обкомының бірінші хатшысына, КСРО халық депутатының денесіне зақым келтіруіне жол беруге құқым жоқ! Егер саған сол кезде бірдеңе болса, маған қылмыстық бапты бірден ілетін еді. Бірақ, бақытымызға орай бәрі қалай болды, солай болды. Ешбір себепсіз мен Қазақстанға кіре алмайтын едім, менде бас біреу. Мүмкін, бұның бәрі осылай болғаны дұрыс болар. Біз қазір достармыз, сондықтан да кәдімгі көрші секілді еркін араласа аламыз».
Есқалиев әзілмен Макашов сөзін бөліп жіберді:
- Білесіз бе, қайырымды генерал мырза, егер де біз мұны білгенде, мынадай еңбегіңіз үшін Сізді біздің президенттің марапатына ұсынуымыз керек еді!
Макашов та бірден әзілмен жауап берді:
- Ең алдымен ТЖМК мүшелерін марапаттау керек.
Барлығы күліп алды. Кетер алдында Есқалиев Тихоновқа сұрақ қойды:
- Бұл жерде сіздер немен айналысып жүрсіңдер? Молдова сіздерге несімен ұнамайды? Мұндай авантюраның қажеті қанша? Өзге ел азаматтарына ресейлік төлқұжаттарды неге таратып жүрсіңдер?
Ол былай жауап берді:
- Кезінде күшпен, бетпе-бет келіп қол жеткізе алмағанымызды енді осындай жолмен алуға тура келіп тұр.Тихонов осыны айтып, Есқалиевқа ойлана қарады, екеуі бір-бірін сөзсіз түсінді. Қоштасарда тағы рюмкадан көтерген олар ескі достардай жылы қоштасты. Есқалиевқа Ресейдің бұрынғы империялық шекараларына қайту идеясына жан-тәнімен қызмет қылған генералмен құшақтасып қоштасуға тура келді.Орал оқиғалары кезінде Нәжімеден Есқалиев генерал Макашовтың танкілері жайлы әрине, білді. Айналасындағы санаулы адамдар да бұл туралы білді, бірақ олар бұл ақпаратты жариялаған жоқ, өйткені бұл халық арасында үрей мен дүрбелең туғызуы мүмкін еді. Есқалиевтың командасына тура мағынасынада айтқанда, пышақтың жүзінде жұмыс істеуге тура келген еді.
2006 жылдың тамызындағы «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында сол кездегі облыстық МҚКБ бастығы Анатолий Дружининге сілтеме жасаған Нәжімеден Есқалиев Макашов танкілері оталып, дайын тұрғанын және Оралға, содан соң Гурьевке аттануға әзір болғанын айтады. Осылайша, еуропа бөлігі деп аталатын Жайықтың оң жақ жағалауы тұтас Ресейге өтіп кетуі ықтимал болатын. Дружинин ол танкілердің фотосуреттерін облыс басшысына көрсеткен, оның адамдары барлау мақсатында нысандарға барып қайтқан болу керек.
Нақтылай кетсек, сол 1991 жылдың қыркүйегінде генерал-полковник Макашов Приволжск-Орал әскери округінің қолбасшылығы қызметінен алынып, ТЖМК-іні қолдағаны үшін сол жылдың қазан айында әскери қызметтен босатылған болатын. Дегенмен, кеңестік арнайы қызмет машинасы өз ісін жалғастыра берді.
Бұрынғы қарсыластар Нәжімеден Есқалиев пен Альберт Макашовтың осы қызық кездесуі 1991 жылың қыркүйегіндегі казак қауымдастығымен болған текетірестің мәре сызығын көрсеткен оқиға болды. Ол кезде Мәскеудің ресейлік төлқұжаттарды тарату тәжірибесінің көршілес тәуелсіздігін алған мемлекеттерге ықпал етудің тиімді жолына айналатынын ешкім болжай алмаған.
11 ТАРАУ. МИХАИЛ ЕСЕНӘЛИЕВ
1991 жылғы Орал оқиғасының сахнасы сыртындағы айтулы да ірі тұлғалардың бірі – бұрынғы Қазақ КСР сыртқы істер министрі, тәжірибелі мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев. Ол бұл оқиғада мүлде басқа, конструктивтік рөл атқарды. Бұрынырақ, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті мәдениет бөлімі меңгерушісі қызметінде оған тағы бір құпия шиеленіске, яғни Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Целиноград, Павлодар облыстарының бірнеше аудандары есебінен Неміс автономиялық облысын құру әрекетін шешу ісіне қатысуға тура келген еді.
МҚК Батыстың айтқан сынын бәсеңдетуге тырысты және Леонид Брежнев бастаған кеңес басшылығы 1941 жылы Сталин таратқан немістердің автономиялық республикасының орнына Қазақстанда Неміс автономиялық облысын құру арқылы Батыспен «компромиске» келуді ойластырды.
Бұл автономияны құру неліктен Ресейде емес, Қазақстанда жоспарланды? Өйткені, Мәскеу әдеттегідей Кеңес империясының жерлерін өз қалауынша пайдаланды. Волга бойынан қоныс аударған бір миллионға жуық неміс Қазақстанда тұрып жатты. Кеңестік Қазақстан басшылығының келісімін алу тіпті жоспарда да болған жоқ, негізгі құжаттар дайындалды, карта сызылды, орталығы ретінде аудандық деңгейдегі Ерейментау қалашығы белгіленді.
Оралдағы оқиға сияқты, Қазақстан тұтастығын қорғауға қарапайым адамдар, негізінен қазақ студент жастары шықты. 1979 жылы 16 және 19 маусымда Целиноградтың Ленин атындағы алаңында қазақтардың қарсылық шеруі өтті, шеруге өзге ұлт өкілдері де қолдау білдірді. 1979 жылы, терең тоқырау мен МҚК-нің қатал диктаты кезіндегі бұл тойтарыс Мәскеуге тосын жағдай болғаны сонша, Неміс автономиясын құру жоспары жедел күн тәртібінен алынып тасталды.
Сол кезде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Михаил Есенәлиев КСРО МҚК-нің жоғары шенді өкілі, генерал Филипп Бобковтың қатысуымен өткен Неміс автономиясын құру мәселесі талқыланған жиналысқа қатысады. 1996 жылы «Новое поколение» газетінде жарияланған мақаласында жазылғандай, ол мәскеулік билік өкілдеріне бір автономияны құру басқа ұлттар үшін де сондай прецедент болатынын, олар да автономия талап ете бастайтынын, ал Қазақстан ұлттық пәтерлерге бөлінген құрақ-құрақ көрпені еске түсіретін сияқты болатынын дәлелдеуге тырысқан. Жауап ретінде Михаил Есенәлиев кеңес немістерінің мәселесі елдің Америкамен, Еуропамен қатынасына ықпал ететіні, «ол ФРГ мен КСРО арасындағы жаһандық саясатты түсінбей отырғандығы» туралы сөгіс естіді. Ол мәселе ықпал ететіні рас. Бірақ ол мәселе неліктен қазақ жерін бөлшектеу арқылы шешілуі тиіс? Есенәлиевтен басқа Алматыда ешкім Мәскеу алдына осындай сауал қоя алған жоқ. Үнсіз қалғандар, кабинеттегі әңгіме барысында Кремль эмиссарларын құптап, қолдап жатты. Міне, осы кезде Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы Александр Коркин (кеңес республикаларындағы Компартия Орталық комитетінің екінші хатшылары әдетте орыс ұлты өкілдерінен іріктеліп қойылатын, бейресми тұрғыдан Кремльге бағынышты болды) неміс автономиясын құру мәселесімен Целиноградқа келгенде, «Неміс автономиясына жол жоқ!» деген плакат ұстаған студенттер қаланың орталық алаңына жиналды.
Мәскеудің шегінуіне тура келді.
Жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев 2018 жылы қыркүйек айында «Дат» газетінде жарияланған «Мәні ерекше ерлік» мақаласында Михаил Есенәлиевтің 1986-89 жылдардағы Геннадий Колбин билігі кезінде де Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ахуалды жұмсартуға үлкен күш-жігер жұмсағанын жазды. Тәртіпсіздігі үшін кінәлі деп табылған 100-ге жуық адам қамалғаннан кейін де қудалау жалғасып жатты. Зиялы қауым арасында тағы да сталинизм сипаты орнады, үстінен арыздану, есеп айырысу етек алды. Михаил Есенәлиев осының бәріне барынша қарсыласып бақты.
Айтпақшы, 1986 жылдың 31 желтоқсанында болған Қазақстан жазушылар Одағының әйгілі жиналысында кейбір атақты қаламгерлер Колбин алдында бас иіп, құрмет білдіріп жатты. Сол жиында мыңнан жалғыз болып, Желтоқсанда көшеге шыққаны үшін репрессия мен азаптауға ұшыраған қазақ жастарын қолдап, әйгілі сөзін айтқан Орал облысының түлегі, ақын Жұбан Молдағалиев еді. Билік алдында тайсалмастан шындықты айтқан Жұбан Молдағалиев қазақтар өз елінде, өз жерінде отырып, мектептер мен ЖОО-ларда ана тілінде білім ала алмай жүргенін жеткізді. Қаһарман ақын есімі ел есінде мәңгілік қалатыны сөзсіз. Бүгінде Оралдағы 50 мектептің 37-ісі қазақ тілінде білім береді. Қазір Оралға келгендердің көбі қаланың қазақ тілінде сөйлеуге көшкеніне қуанып, таңданыстарын білдіріп жатады. Ал 30 жыл бұрын ахуал мүлдем басқа еді.
Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген Михаил Есенәлиев Нәжімеден Есқалиев сияқты қазақтарға соғысқұмар казактардың қаншалықты қауіпті екенін бұрыннан жақсы білетін Қазақстандағы аз ғана саяси қайраткерлердің бірі еді. Басқалардан гөрі ол казак тарихын жақсы білді және жандана бастаған казак қауымдастығы тарапынан болатын қауіпті де жақсы түсінді.
1989-1990 жылдар түйіскен тұста қазақ ұлттық қозғалысы да аяғына тұра бастады. Ұлттық қозғалыс басында сол кезде биліктен кеткен Михаил Есенәлиев тұрды. Ол 1990 жылы 30 маусымда «Азат» Қазақстанның Азаматтық қозғалысы (ҚАК) құрылуының бастамашысы болды. Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін «Азат» қозғалысы базасында «Азат» республикалық партиясы құрылды. «Азат» республикалық партиясы кейін «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық қозғалысы, «Азат» және де басқа демократиялық бағыттағы қозғалыстарды біртұтас партияға біріктіруге күш салды. 1991 жылы Оралда казактар «Ресей тағына қызметінің 400 жылдығын» мерекелеу туралы мәселе көтерген кезде Михаил Есенәлиев облыс басшылығы мен жергілікті қазақ белсенділеріне көмек көрсетуді ұсынды.
Жасарал Қуанышәлин 2019 жылдың қарашасында Expert Kazakhstan журналына берген сұхбатында Есенәлиев әр уақытта, партиялық және мемлекеттік қызметте болғанда да өзінің ақыл-ой, мінез-құлық болмысына сай ұлтшыл-демократ болғанын айтады. Кеңес кезіңінде ондайға тыйым болғаны белгілі, сондықтан да адамдар бұны іште ұстады.
«Есенәлиев ақылды ғана емес, дана адам болатын. Ол сол кезде айтылған сөздердің бәрін өзінен өткізді: тәуелсіздік алу мәселелері, Алашорда тарихы... Бұның барлығы оның жүрегінде болды. Желтоқсан оқиғасы болған кезде ол ресми түрде, 1988 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің пленумында алғаш болып осы мәселені көтерді. Бұл әрекеті үшін оны отставкаға кетуге мәжбүрлейді. Ол «Азат» төрағасы, ал мен оның бірінші орынбасары болғандықтан біз тығыз қатынаста болдық. Ол маған Желтоқсан көтерілісін әділетті және одақтық деңгейде қарауды талап еткені үшін жұмыстан шығарылғанын түсіндірді. Отставкаға кеткеннен кейін оған осы идеяларын тәуелсіз саясаткер ретінде қоғамдық-саяси алаңда іске асыру ғана қалған еді», - деп еске алды Жасарал Қуанышәлин.
«Азат» қозғалысы қатарында зиялы қауым өкілдері көп болған жоқ, олардың көпшілігі ұйымды мемлекетке қарсы деп санап, одан аулақ жүруге тырысты. Мемлекеттік пресса болса, қазақ ұлтшылдарының арасына іріткі салумен, жала жабумен айналысты. Ал ол кезде мемлекеттіктен басқа пресса болған жоқ. Есенәлиев алғашқыда қозғалыс басындағы тең төраға, ал кейін төраға болды. «Азат» жаңа Конституция қабылдау мәселесін көтерді, ұлттық-демократиялық идеяларға сәйкес басқарудың жаңа жүйесі мен биліктің жаңа тәртібін ұсынды.
«Бірінші кезекте біз Коммунистік партияны таратуды, парламентке «бейресмилерді», басқаша айтқанда, демократтарды жіберуді талап еттік. Есенәлиевтің өзі бұл туралы көптеген мақалалар жазды, оның сұхбаттары да шығып тұрды, - деп еске алды Жасарал Қуанышәлин. – Бір сөзбен айтқанда, идеялық басшы рөлінде болды. Сондықтан да, бұрынғы номенклатуралық қызметкердің жаңа жағдайда ұлттық-демократиялық бағыттағы жаңа қозғалыстың бастаушысы болғанына таңғалатын ештеңе жоқ».
Сол кездері осы оқиғалармен қатар Қазақстанда казак қауымдастықтары жандана бастағанын еске салып қояйық. Орал казактары мысалынан орыс империализмінің қанды атрибутын қалпына келтірудің артында кеңестік МҚК тұрғанын көреміз. Әр облыста өз атамандарын өсіріп, әлпештеген өз полковник Червяковы болғаны анық. 1991 жылдың маусымы аяғында Орал обком партиясына Нәжімеден Есқалиевқа телефон соққан Михаил Есенәлиев сөзбе-сөз төмендегіні айтты:
«Нәжімеден, сен де Ресейде тудың ғой, бетімен кеткен казактардың не бүлдіруі мүмкін екенін білесің. Егер олар бас көтерсе, өтінішпен оларды тынышталдыра алмайсың. Менің білуімше, Оралда ақ казактар ұрпақтары бас көтеруде, ал жайықтық казактар революцияға дейін қазақтарға аяусыз қатынаста болды. Саған көмектескім келеді және Орал қаласында «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысының филиалын құрғым келеді, сендерге белсенді азаматтардың күші қажет. Маған осыны ұйымдастыруға көмектес».
Партия, кеңес қызметкерлері арасында сыйлы Есенәлиевке кеңесі үшін алғыс айтқан Есқалиев өзінің жақын танысы, ол кезде облыстық партиялық комиссия төрағасы болып жұмыс істеп жүрген Шынбай Шарафетдиновке осы идеяны қолға алуды сұрады. Ол уақытта Шынбай Шарафетдинов ауыр науқас болатын, бірақ соған қарамастан саясаткер, патриот ретінде ол тапсырмаға қызу кірісті. 1991 жылдың 6 шілдесінде «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысы Орал филиалының ұйымдастыру жиынына қатысушылар алдында жалынды сөз сөйлеген ол қозғалысқа ақ жол тіледі. Өмірі қысқа болған ол «Азаттың» жергілікті ұйымын құру ісіне өз үлесін қосып үлгерді.
- Кейін өмір Михаил Ивановичтің көрегендігін дәлелдеді. Ресейлік казактарының екпіні буырқанған кездерде мен Есенәлиевпен бірнеше рет ақылдастым. Ол біздің саяси жұмыстарымызды ұйымдастыруға қолдау білдірді, орыс тұрғындарының жергілікті билікке сенімін сақтауға кеңес берді. Мәселенің басқа шешімі болмады. Оралға «азаттықтардың» ұйымдасқан тобын жіберген ол жоспардан тыс әрекеттерге жол беруге болмайтынын ескертті, барлық мүдделі топтармен диалог орнатуға кеңес берді, - деді Нәжімеден Есқалиев әңгімесінде.
Михаил Есенәлиев Қазақстандағы демократия орнатуды қалаған адамдардың жақтаушысы болды, саяси партиялар мен қозғалыстарда жетекші рөл атқарды, «Азат» Қазақстанның азаматтық қозғалысы саяси амбициялар мен билікқұмарлықты емес, азаматтық және патриоттық түсініктерді басшылыққа алатынына әр саналы адамның көзі жететініне шынайы сенді. «Азат» құрамындағы кейбір соқыр патриоттардың Оралдан казактарды күшпен айдап шығу жайлы ұсыныстарын Михаил Есенәлиев қабылдаған жоқ, қайта осындай таяз пікірлерді айыптап отырды деп еске алады серіктестері.
Казак қауымдастығының ресейлік шовинистердің қолындағы қатерлі қару екенін жақсы білген Михаил Есенәлиев өз мемуарларында «Казак қауымдастығының алауы қауіпті, - деп жазды. – Бірнеше ғасыр бұрын Ресей империясының оңтүстік аумақтарында казак қауымдастығының пайда болу тарихынынан хабардар адам крепостнойлық пен кедейшіліктен қашып, Дон мен Кубанда өз тағдырларын айқындаған орыс пен украин мұжықтары мен патшалық үкімет әскери құрылым ретінде қолпаштап, көтермелеп отырған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казактарының айырмашылығын жақсы біледі.
Оңтүстік шептерді қорғаумен бірге казактар империя шекарасын кеңейту, жаңа жерлерді жаулау мен көрші халықтарды бағындыру мақсатында Сібір, Орталық Азия мен Қазақстанға тереңдеп, сіңу үшін де қолданылды. Ресей казактарының бүлік шығарып, патшалық билікке қарсы көтерілістер жасағанымен, олардың «патшаның адал қызметшілері» міндетін атқарғандары да баршаға мәлім. Бұл ұйымдасқан, әскери дәстүрі бар әскери күшті патшалық өзінің империялық бодандау жорықтарын Сібір, Орталық Азия мен Кавказда «өзге дін өкілдерін» бағындыруда шебер пайдаланды. Міне, сондықтан да Қазақстан шектен тыс амбициясы бар, күшпен өз-өзін бекітуге ұмтылған, ресейлік казак атамандарының қолдауына сүйенген, табандылық көрсеткен және заңды елемейтін казак қауымдастығының жандануын қабыл алмайды».
Осы кітап авторымен әңгіме барысында Нәжімеден Есқалиев ұлы патриот, Қазақ КСР-дың бұрынғы сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиевтің қазақ тарихында орасан зор рөл атқарғанын Қазақстан әлі лайықты деңгейде бағаламай отырғанын айтты. Ол Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінде сөз сөйлеген тұңғыш қазақ болды.
Сол кездегі кеңестік Қазақстан басшысы Геннадий Колбинге қатысты қатал ұстанымымен, КОКП ОК бас хатшысы Михаил Горбачевке жасаған үндеуімен, Алматыдағы жиналыста КОКП ОК хатшысы Георгий Разумовский алдындағы әйгілі баяндамасының арқасында КОКП Орталық комитеті ақыр соңында Колбинді Қазақстанда қалдырудың болмайтынын түсінді. Өз іс-әрекетімен Есенәлиев шын мәнінде Назарбаевқа жол ашты, ал Колбин оны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағалығынан босатуды көздеп отырған еді, - дейді Нәжімеден Есқалиев.
Ол өзінің Есенәлиевпен соңғы кездесуі туралы да әңгімеледі, кездесу Есенәлиев өмірден өтерден бір жыл бұрын 1998 жылдың қыркүйегінде Алматыда болған еді. Бұл кездесу оған қатты әсер еткені байқалып тұрды, сол кезде Орал оқиғаларынан бірнеше жыл өтсе де сол бұрын-соңды болмаған шиеленістің жауапкершілік жүгі әлі мойнында тұр еді. Есқалиев әріптестерімен бірге Қазақ дипломатиясының патриархын 70 жылдық мерейтойымен құттықтауға келеді. Кеңестік кезеңнен қалған кең «генералдық» формасын киген Есенәлиев қонақтарды ақ жарқын көңіл күймен қарсы алды. Қызықты әңгіме тарқатқан үй иесі мен қонақтар үш сағаттан астам уақыттың қалай өткенін де байқамай қалды. Есенәлиевтің бұрынғыдай үлкен отырыс пен мінберді сағынып қалғаны байқалып тұр. Ел мен халық үшін қыруар шаруа атқарған оны сол кезде билік қоғамдық-саяси өмірден алыстатқан еді.
1991 жылғы Орал оқиғалары тақырыбына ауысқан Михаил Есенәлиев сөзін былай жалғады:
«Мен оралдық ағайындарым үшін шын жүректен қуаныштымын. Сол кезде сіздер 20 ғасыр соңында қазақ халқының иығына тағдыр салған ең қиын ауыртпалықты көтеріп алдыңдар. Турасын айтқанда, сендер сонда біздің Қазақстанның егемендігін құтқарып қалдыңдарін Қазақстанның зақ халқының иығына тағдыр салған ең қиын ауыртпалдың одан да қауіпті болып кету ықтималдығы жоғары еді. Мен оптимиспін, бірақ сол кезде жүрек түбінде біздің жолдастарымыз сынаққа төзе ала ма деген үлкен алаңдаушылық болды. Идеология және басқа да республикалық сала басшылары бой тасалап қалды, ал олар қарсылық білдіргендердің штабын басқаруға, аяғына дейін сіздермен бірге болуға міндетті еді. Бірақ әйтеуір, бәрі ойдағыдай болды. Алланың бары рас екен, ол қазақтардан теріс қарап кетпепті».
Осы кездеуден кейін бір жыл өткенде Михаил Есенәлиев қайтыс болды, ол өмірден 70 жасында кетті.
Артур Нығмет
