24 қыр, 2025 сағат 12:34

Отан алдында борышын өтеймін деушілер әскери бөлімді өздері таңдай алады

Фото: скриншот

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі азаматтар мен әскер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге арналған жаңа MyArmy.kz интернет-порталын қолданысқа енгізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұған дейін тек жергілікті әскери басқару органдарына барып қана алуға болатын қызметтер енді онлайн режимде қолжетімді.

Азаматтар мерзімді немесе келісімшарттық қызметке өтінім бере алады, өзекті жаңалықтармен және жиі қойылатын сұрақтармен таныса алады, сондай-ақ кері байланыс нысандарын пайдалана алады.

Өтінімдер үш кезеңнен өтеді: жасалған – өңделуде – қабылданды/қабылданбады. Бұл жүйе комиссия жұмысының ашықтығын арттырып, үміткерлердің процесті қадағалауына мүмкіндік береді.

MyArmy.kz SARBAZ+ пилоттық жобасы аясында іске қосылды. Жоба Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде сыналуда. Сәтті жүзеге асқан соң, тәжірибе еліміздің басқа әскери бөлімдеріне енгізіледі.

Порталдың енгізілуі:

  • әскери қызметке шақыру рәсімдерін жеңілдетеді;

  • бюрократия мен адами факторды азайтады;

  • медициналық комиссиядан өту процесін жеделдетеді;

  • әскерге шақырылушыларға өз мамандығына сәйкес әскери бөлімді таңдауға мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа цифрлық құрал әскерге шақырылушыларға әлеуметтік және білім беру мүмкіндіктерін кеңейтеді әрі Қарулы күштерді жаңғыртуға ықпал етеді.