Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бәлкім, бұл Олжас дүниеге келгенде жас нәрестені аялаған ата-анасы "....осы дүниеге келген ұлымыз барша ел танитын, Семей полигонын жабу ісінде асқан белсенділік танытқан, ақын Олжас Сүлейменов ағамыздай болсын" - деп, сол ақын ағамыздың есімін берген болса керек?! Дәл қазіргі таңда, сол Олжас есімді қазақ азаматы "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімінде қызмет етеді. Осы әскер ортадағы 2-ші Реактивті артиллериялық дивизионы командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымындағы майор Абенов Олжас Кеңесбекұлы өзіне берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, Абеновтер отбасы жеке құрам арасындағы ең үлгілі отбасылардың бірі болып саналады.
Өмірден Отан қорғау қызметін таңдаған Олжас Абенов 1993 жылы қыз мезгілінің 12 қаңтары күні Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында қарасты Шілікті ауылында дүниеге келген. Жеті жасында мектеп табалдырығын алғаш аттаған Олжас он бір жыл бойы білім алған білім ошағын 2011 жылы табысты аяқтайды.
Әкесі Кеңесбек Зейноллаев бүгінгі күнде Шілікті ауылында мал дәрігері болып еңбек етсе, анасы Зәуре Асқарқызы ауылдық мектептің шаруашылық қызметін атқарып жүр. Отбасының үлкені болып саналатын әпкесі Мөлдірден кейін ер жеткен Олжас кішкентайынан әскери адам болуды армандайды. 2011 жылы мектепті табысты аяқтаған албырт сезімдегі жас түлек Алматы қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына Тәрбие құрылымының офицері мамандығы бойынша оқуға түседі. Осы аталған әскери оқу орнын 2015 жылы тәмамдаған лейтенант Олжас Абенов әскери қызметін Өскемен қаласында орналасқан Құрлық әскерлері "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 27943 әскери бөлімінде бастап, 2018 жылға дейін қызмет атқарады. 2018-2024 жылдары аралығында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында рота командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, рота командирі сынды жауапты қызметтерді атқарады. 2024 жылы Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бұйрығымен Қарағанды облысының Приозерск қаласында орналасқан "Астана" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөліміндегі 1-ші Реактивті артиллериялық дивизионы командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымдық қызметіне тағайындалады. 2024 жылы Түркістан облысының Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің педагогика және психология мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
Бүгінгі күнде әскери отбасында Олжас Кеңесбекұлы жұбайы Аяужанмен бірге 1 қыз және 1 ұлға тағылымды тәрбие беріп келеді. Әскери шендегі Олжастың өмірлік жарын Аяужан Рашитбекқызы Приозерск қалалық ауруханасында дәрігер болып еңбек етеді. Жанұяның үлкені Кеңесбек Айбибі Олжасқызы биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттама, екіншісі Кеңесбек Ербатыр Олжасұлы балабақшада тәлім-тәрбие алып жүр.
Айта кету керек, "ағасы бардың - жағасы бар" - демекші, ағасының әскери өмір жолын қуған Олжас Кеңесбекұлының інісі Мағжан Абенов те осы биыл Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдап, әскери қызметін Алматы қаласындағы десанттық шабуылдаушы 61993 әскери бөліміндегі взвод командирі лауазымынан бастап кетті.
Басқаларға да үлгі боларлық әскери шендегі Олжас Абеновтің отбасына тек шаттық пен қуаныш тілейміз!
Думан Жұмашұлы,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
