08 қаң, 2026 сағат 18:05

Отардағы әскери бөлімде төтенше жағдай: сарбаз өз саусақтарын әдейі жарақаттаған


Фото: pixabay


Жамбыл облысындағы Отар елді мекенінде орналасқан 30212 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз өзіне әдейі ауыр жарақат салған. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.


Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз басшысынан ескерту алғаннан кейін балтаға ұқсас темір затпен сол қолының саусақтарын шауып тастаған. Құралды ол өртке қарсы қалқаннан алғаны айтылды. Дәрігерлердің жедел көмегінің арқасында сарбаздың саусақтары аман қалған.


Құрлық әскерлері баспасөз қызметі бұл оқиғаны растады. Ресми ақпаратта 2026 жылғы 6 қаңтарда Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қатардағы Т. таңғы тексеру кезінде казарма алдында өз қолын металл затпен жарақаттағаны көрсетілген.


«Зардап шеккен әскери қызметкер дереу әскери госпитальға жеткізіліп, уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ», – делінген хабарламада.


Әскерилердің мәліметінше, сарбаздың бұл әрекеті қызметпен байланысты емес, жеке себептерге негізделген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.


Сонымен қатар Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиға орнына арнайы комиссия жіберілген. Қазір жағдай Құрлық әскерлері қолбасшылығының тікелей бақылауында.


Әскери ведомство ресми тергеу аяқталғанға дейін расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.