28 қаң, 2026 сағат 11:59

«Өзін снайперлік мылтықпен атқан»: Жамбыл облысында тағы бір сарбаз көз жұмды

Фото: ашық дереккөз

27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде жарақат алған мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, аталған факт бойынша ІІМ әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

«Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас прокурордың жеке бақылауында. Оқиғаның алдындағы мән-жайларды объективті және жан-жақты (комиссиялық) анықтау мақсатында қорғаныс министрінің орынбасары, бас әскери прокурор және ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына шықты», – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.


Сонымен қатар, арнайы топқа еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының орындалуына кешенді тексеру жүргізу тапсырылды. Бұл шаралар осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қолға алынған.

Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау, әскердегі қауіпсіздік мәселелері жуырда Бас прокуратураның арнайы алқа мәжілісінде қаралатын болады. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.

Бұған дейін Өскемен гарнизонында мерзімді әскери қызметші қаза тапқанын жазған едік.