18 ақп, 2021 сағат 09:10

Парламентте қабылданған заң халыққа жетпейді – Дана Нұржігіт

Сенат депутаты Дана Нұржігіт халыққа заңды қарапайым тілде түсіндіру және тарату мәселесін күшейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Сенаттың жалпы отырысында нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы қаралды.

 

Сұрақ-жауап барысында сенатор Дана Нұржігіт елде қабылданған заңдар қарапайым халыққа түсіндірілмейтінін және жеткізілмейтінін айтты.

 

"Өңірлерге іссапар барысында байқағаным – халық қабылданып жатқан заңдардан көп жағдайда бейхабар. Яғни, парламентте қабылданған заң өңірлерге, халыққа жеткізілмейді. Кездесуде азаматтардың көбісінің сұрағы алып-қашпа әңгімелерге негізделген. Сол себепті халыққа заңды ашық, қарапайым тілде түсіндіре алу және оны барынша тарату мәселесін күшейту қажет", - деп санайды депутат.

 

Айтуынша, осының салдарынан әлеуметтік желдегі блогерлер, тәуелсіз сарапшылар, заңды өз пайым-түсінігі шеңберінде талдап, талқылап жатады. Ал тиісті мемлекеттік органнның түсіндірмесі кешігіп барып, қоғам қызу талқылағаннан кейін ғана ресми түрде таратыла бастайды. Яғни халық пен билік арасындағы медиа коммуникациясы проблемасы бар, деп жалғастырды ол.

 

Дана Нұржігіт әділет министрінен осы мәселе қалай шешілетінін сұрады.

 

Марат Бекетаевтың айтуынша, енді әрбір заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсіндіру бағдарламасымен сүйемелденеді.

 

"Заңды түсіндіру және ақпараттық сүйемелдеу бағдарламасының орындалуын әділет министрлігі мен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қадағлайды. Мұндай бағдарлама заң жобасының нормаларын азаматтарға түсіндіруге бағытталған іс-шараларды көздейді. Бұл шаралар жаңа құқықтар мен міндеттерді халыққа түсінікті тілде жеткізуді қамтамасыз етеді", - деді министр.

 

Мәселен, айтуынша, заң жобасы әзірленген кезде әзірлеуші органдар ашық қоғамдық талқылау өткізеді, БАҚ-қа брифинг береді. Ал заң қабылданған соң, әзірлеуші органдар практикалық нұсқаулар беріп, арнайы бейнероликтер жасайды және интернетке орналастырады, басқа да тәсілдерді қолдануы мүмкін.

 

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев заңдарды халыққа жеткізу проблемасы өте өзекті екенін айтып, күзге қарай осы мәселе бойынша арнайы үкімет сағатын ұйымдастыруды ұсынды.

 

18 ақпанда сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.

 

Жаңа заңда азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттер жүктейтін нормаларға қатысты "өтпелі кезең" тәжірибесі заңнамалық деңгейде белгіленді.

 

Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің дайын болуына қарай, қабылданған күнінен бастап алпыс күндік мерзімнен ерте енгізілмейді.

 

Екінші – заң жобаларын қоғамдық талқылау тәсілдері кеңейтіледі.

 

Азаматтарды жаңа нормаларға алдын ала дайындау мақсатында әрбір заң жобасы мен қабылданған заң ақпараттық түсіндіру бағдарламасымен сүйемелденеді.

 

Үшінші – қабылданған заңдардың тиімділігі бағаланады. Бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктеледі.   

 

Қабылданған заңның тиімділігін бағалау үшін әзірлеуші орган жаңа реттеудің салыстырмалы нәтижелері көрсетілген есеп дайындайды. Бұл есеп құқықтық мониторинг аясында қолданылады, сондай-ақ, парламенттік тыңдауда немесе үкімет сағатында талқылануы мүмкін.