02 жел, 2025 сағат 15:47

Павлодар облысының әкімі: "Әпкем үшін жауап бермеймін, заң алдында бәрі тең"

Фото: Inbusiness.com

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан мас күйінде рөлге отырып ұсталған туған әпкесіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, отбасы мүшелерінің ешқайсысы заң алдындағы жауапкершіліктен тыс емес. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

«Менің үлкен әпкемнің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты мынаны айта аламын: барлық азаматтар заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері сияқты, бұл қағидаттан тыс емес», – деп жазды облыс әкімі Threads әлеуметтік желісінде.


Оқиға бір ай бұрын Екібастұзда болған. Полиция Hyundai Tucson көлігін тоқтатқан кезде рөлдегі әйелден алкоголь иісі сезіліп, ол наркодиспансерге жеткізіледі. Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын анықтады. Қызметтік хаттама Әкімшілік кодекстің 608-бабы бойынша толтырылған.

Сотта әйел өзін ақтап, көлікті жүргізбегенін, тек сыртта тоңып, жылынып алу үшін рөлге отырғанын айтып ақталды. Аздап ішкенін мойындады. Куәгер ретінде келген Куликов есімді ер адам да көлік қозғалмағанын айтып, әйелді қолдамақ болды.

Алайда патруль қызметкерлері олардың уәжін жоққа шығарды. Полицейлер көлікті жүріп келе жатқан кезде тоқтатқанын, ішінде тек әйел болғанын және алкоголь иісін анық сезгенін айтты.

Сот полицейлердің сөзіне сеніп, хаттаманың заңды рәсімделгенін растады. Судья Елубай Серікпаев әйелді 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 15 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындады.