29 қаз, 2025 сағат 16:27

Павлодарда бұрынғы мұғалім ҰБТ-ға көмектесемін деп 1 млн теңге алған

Фото: Polisia.kz

Павлодарда ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) «көмектесемін» деген уәдемен 1 миллион теңге алған бұрынғы мұғалім ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Полицияға жәбірленуші ер адам шағым түсіріп, күдіктінің қаладағы мектептердің бірінде бұрын мұғалім болып істегенін және тестілеуден сәтті өтуге жәрдем беремін деп өзінен ақша алғанын айтқан.

Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ күдіктінің өңірде осындай өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция азаматтарға егер осындай алаяқтық жағдайлардың құрбаны болса, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуді ескертеді.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысында 1872 киберқылмыс тіркелген.