Фото: ашық дереккөз
Павлодар облысында мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарын жүйелі түрде елемеген 19 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Павлодар прокурорлары жүргізген тексеріс нәтижесінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның бірқатар мекемелер мен кәсіпорындарда жүйелі түрде бұзылатыны анықталды.
Заң талаптарына сәйкес, тапсырыс берушілер жеткізуші міндеттемелерді орындамаған жағдайда 30 күн ішінде оны мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушысы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті. Алайда талдау мемлекеттік мекемелер бұл міндетті бірнеше рет орындамағанын көрсетті.
Бұл әрекетсіздік адал емес жеткізушілерге жауапкершіліктен жалтаруға, шарт талаптарын орындамаса да жазасыз қалуына жол ашады. Заңда мұндай бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауаптылық қарастырылған.
Мысал ретінде, сот «KAZ SERVICE PVL» ЖШС-не қатысты «Ақсу қаласының мектеп-лицейі» КММ-нің талап арызын мерзімнің өткізіп алынуына байланысты қанағаттандырудан бас тартқан. Мекеме серіктестік тарапынан міндеттемелердің бұзылғанын 2024 жылғы тамызда білгенімен, талап арыз тек бес айдан кейін берілген.
Прокуратура енгізген ұсыну негізінде Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды.
Жалпы, дәл осындай құқықбұзушылыққа жол берген 19 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
