18 қаң, 2023 сағат 23:05

Перуашев Путинді һәм соғысты қолдаған депутатқа қатысты мәлімдеме жасады

Фото: azattyq.org

Украинадағы соғысты "арнайы операция" деп атап, Ресей президенті Владимир Путинді ашық қолдаған депутат Азамат Әбілдаевтың мәселесі 19 қаңтарда арнайы кеңесте қаралады. Бұл туралы "Ақ жол" партиясының лидері Азат Перуашев бүгін өзінің Telegram арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Депутат А.Әбілдаевтың мәселесі ертең партияның ұлттық кеңесінде қаралады.

1. А.Әбілдаевтың сөздері “Ақ жол” партиясының позициясына қарама-қайшы және сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұр.

2. “Ақ жол” партиясы қашан да Республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды.

3. Депутаттардың тәртіптік мәселесін қарастыру партияның ұлттық кеңесінің құзыретіне кіретіндіктен, депутат А.Әбілдаевтың сөздеріне саяси баға беру және мәселесін қарау үшін ертең партияның ұлттық кеңесінің пленумы шақырылды" - делінген саяси ұйым президиумының хабарламасында.

Еске салайық, бүгін, 18 қаңтарда "Азаттық" радиосында жарияланған сұхбатта Мәжіліс депутаты Әбілдаев Ресейдің Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атап, Украинаны "нацистер басқарып отыр" деген. Сондай-ақ ол өзі сияқты ойлайтын 2-3 әріптесі бар екенін де жасырмады.

«Мен Ресейдің президентін қолдаймын. Осы арнайы операцияны қолдаймын. Жазға дейін Зеленскийді өзінің халқы ұстап, сотқа береді деп ойлаймын...», – деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан билігі Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Ресей 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға басып кіргенде бұл әрекетін "арнайы операция" деп атап, "операцияның" мақсаты "денацификация" және "демилитиризация" деген. Қазір Ресей Украинаның шығысындағы бір бөлігін оккупациялап алды. Бұл оккупацияны мойындамайтын Батыс елдері мен АҚШ Ресейге санкция салып, Украинаға қару-жарақ жағынан көмек көрсетіп жатыр. Сарапшылар Ресейдің "Киевті үш күнде басып аламыз" деген мақсаты орындалмай, Украинадағы соғысы сәтсіздікке ұшырады деп санайды.

видео: Азаттық радиосы