Фото: Polisia.kz
Полиция автокөлік иелерін интернет арқылы таратылып жатқан жаңа алаяқтық түрінен сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Соңғы уақытта түрлі елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұл туралы хабарламалар жіберілуде.
Алматы қалалық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаевтың айтуынша, алаяқтар жүргізушілерге электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хабарлама жібереді. Онда көлік нөмірі мен жүргізушінің жеке деректері көрсетіліп, “айыппұлды төлеуге арналған” сілтеме беріледі.
Бірақ бұл – фишингтік шабуыл. Егер адам сол сілтемеге кіріп, банк картасының мәліметтерін енгізсе, қаскөйлер оның есепшотына қол жеткізеді. Кей жағдайларда сілтеме арқылы вирус жүктеліп, жеке ақпарат ұрланады.
Мұндай интернет-шабуылдар АҚШ пен Ресейде бұрын тіркелген. Енді олардың Қазақстанда таралу қаупі бар.
Полиция еске салады:
-
Ресми айыппұл туралы хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келеді;
-
Олар ешқашан төлем жасауға арналған сілтемелерді қамтымайды;
-
Айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz сайттарында немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Егер сізге күмәнді хабарлама келсе:
🔹 Сілтемелерге өтпеңіз және тіркелген файлдарды ашпаңыз;
🔹 Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіз;
🔹 Егер карта деректерін енгізіп қойған болсаңыз – дереу картаңызды бұғаттап, банкке және полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.
