14 шіл, 2025 сағат 17:49

Президент МӘМС туралы заңға түзету енгізді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік жағдайы дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейдегі 1 миллионға жуық азамат жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесіне қосылады.

Бұл елдегі табысы төмен тұрғындардың қосымша 5%-ының жоспарлы медициналық көмек алу мүмкіндігін арттырады. Жарналар азаматтардың медициналық көмекке нақты жүгінуіне қарай жергілікті атқарушы органдар арқылы төленеді.

Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздардың МӘМС жарнасын төлеу міндеті де жергілікті бюджеттерге жүктеледі. Бұл шешім жұмыспен қамту мен жұмыссыздық деңгейін төмендету шараларын қолдауға бағытталған.

Бүгінде Қазақстан халқының 82,6%-ы (16,9 млн адам) сақтандырылған, оның ішінде 11,9 миллионы — жеңілдікке ие санаттарға жатады. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.

МӘМС жүйесінен әлі тыс қалған 3,4 млн-ға жуық адам бар. Олардың 2,4 миллионы – еңбекке қабілетті, өмір сүру деңгейі жақсы азаматтар. Бұл топ үшін МӘМС жүйесіне қосылу оңай: ай сайынғы жарна – 4 250 теңге, жылына – 51 000 теңге.

2027 жылдан бастап Қазақстан толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр. Бұл модельде мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасында ортақ жауапкершілік қағидаты енгізіледі.

Жаңа өзгерістер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес әзірленіп, әр азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әділ әрі тең медициналық көмек алуына жол ашады.

«Енді ең әлеуметтік осал азаматтар медициналық көмекті кедергісіз ала алады», – делінген ресми хабарламада.