Фото: Ақорда
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясында білім беру саласын дамыту мен педагогтердің мәртебесін көтеру мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе ұлғайып, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп салу жоспарланса, оның 128-і қазірдің өзінде пайдалануға берілген.
Сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы бекітілді. Бүгінде 74 педагог осы құрметке ие болды, ал екі мұғалімге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген.
Мемлекет басшысы соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін атап өтіп, 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленетінін жеткізді. Педагогтер артық жұмыстардан босатылып, назарын оқыту ісіне толық арнауға мүмкіндік алды.
«Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан білім беру саласын қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді», – деді Президент.
