30 қаз, 2021 сағат 15:32

Ресейлік тарихшы Әлихан Бөкейхановтың нақты қай жылы дүниеге келгенін айтты


Ресейлік тарихшы-ғалым, Новосібір облысының бұрынғы вице-губернаторы Виктор Козодой тарихи тұлға Әлихан Бөкейхановтың дүниеге келу мерзіміне қатысты тың деректі бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлихан Бөкейхановтың туған жылына қатысты құжат Томбы мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр. Оның датасы - 1917 жылдың қазаны. Құжат Әлихан Бөкейхановтың өз қолымен жазылып, оның төменгі жағында қолы қойылған. Ол кезде қайраткер 48 жаста болыпты, оның дәлелі сол құжатта көрсетілген. Құжаттың жасы деген тұста 48 деп жазылған. Осы орайда көптеген ғылыми деректер мен шығармаларда Әлихан 1866 жылы дүниеге келді деген дерек шындыққа жанаспайтын секілді. Жалпы ғылыми еңбектерде тұлғаның туған жылы әртүрлі көрсетіледі. Яғни 1865, 1866 және 1870 жылы туды деп жазылып жүр. Сондықтан осы мәселені анықтап, нүкте қоюды жөн көрдім. Өз басым Әлихан Бөкейханов 1870 жылы дүниеге келді дегенді растаймын», - деді Виктор Козодой 

Сондай-ақ, тарихшы Томбы архивіндегі құжатта Әлихан Бөкейхановтың саяси өмірінің алғашқы кезеңі туралы айтылғандығын жеткізді. 

Айта кетейік, бүгін елордада ресейлік автор Виктор Козодойдың «Әлихан Бөкейханов. Дәуір адамы» («Алихан Букейханов. Человек-эпоха») атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Автор Әлихан Бөкейханов туралы кітап жазуда Қазақстан мен Ресейдің 10 қаласының 12 архивінде жұмыс істепті.