28 қыр, 2022 сағат 13:38

Ресейліктер қонақжайлығымызды сыйламаса, депортацияға жіберу керек – Паяев


Мәжіліс депутаты Айбек Паяев заңды бұзған шетелдік азаматтарды бірден депортацияға жіберу керектігін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қауіпсіздікке байланысты көп сұрақ туындап жатыр. Фейсбук парақшасында мен оны оқыдым. Қостанай облысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті шекараны заңсыз асқандарды ұстапты. Жұмыс жүріп жатыр. Ол кісілерге үлкен рахмет! Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне! Біз халық болып көмектесейік. Егер бізге заңсыз кіріп, заңсыз үйді арендаға алып, заңсыз іс-әрекеттер жасаса, халық болып қадағалайық. Заңсыз іс-әрекет болған жағдайда, Ата заңды, басқа да заңды бұзған жағдайда – депортация жасау керек. Басқа әңгіме жоқ», - деді Айбек Паяев Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, Үкімет қазір жұмысты реттеп отыр. Яғни Парламентке аталған мәселені шығарудың қажеті жоқ деген пікірде депутат.

«Құқық қорғау органдары 24 сағаттық жұмыс режиміне өткендіктен, біз проблема көріп отырған жоқпыз. Міндетті түрде бұл мәселе қадағалауда болу керек. Халықпенг келісемін. Айтылып жатқан әңгіме дұрыс. Мемлекеттің мүддесі мен қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі жұмыстар. Оны ұйымдастырып, жасап отырмыз. Тарихқа көз жіберсек, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де қаншама халық көшіп келді. Қонақжай халықпыз. Қонақжайлығымызды сыйлап, құрметтеу керек. Сыйламаған жағдайда депортация болу керек», - деді депутат.

Айта кетсек, Ресей президенті Владимир Путин өз елінде мобилизация жариялағалы бері Қазақстанға 98 мың ресейлік келген.